Ақтаудағы қайғылы оқиғаға ресейлік зымыранның Грозныйдан атылғаны себеп болғанын растады - Euronews - kaz.caravan.kz
  • $ 521.81
  • 543.67
-5 °C
Алматы
2024 Жыл
27 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақтаудағы қайғылы оқиғаға ресейлік зымыранның Грозныйдан атылғаны себеп болғанын растады - Euronews

Ақтаудағы қайғылы оқиғаға ресейлік зымыранның Грозныйдан атылғаны себеп болғанын растады - Euronews

Euronews Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақ ресейлік зымыраннан атылғанын мәлімдеді.

  • 27 Желтоқсан
  • 17
Фото: ЭХО

Алдын ала тергеу Ақтау маңында құлаған Azerbaijan Airlines әуе компаниясының ұшағын ресейлік «земля-воздух» зымыраны атып түсіргенін растады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Бұл туралы Euronews Әзірбайжан үкіметіндегі дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.

Дереккөздердің хабарлауынша, Грозный аспанында дрондар шабуылы кезінде 8432 рейсіне қарай атылған ракета ұшаққа жақын жерде жарылған кезде жолаушылар мен стюардессаларға ракета сынықтары тиген.

Үкіметтегі дереккөздердің Euronews агенттігіне хабарлауынша, зақымданған ұшақ ұшқыштардың апатты жағдайда қону туралы өтінішіне қарамастан, Ресейдің ешбір әуежайына қонуға рұқсат етілмеген және Каспий теңізі арқылы Қазақстанның Ақтау қаласына қарай ұшуға бұйырылған.

Ұшақтың GPS навигациялық жүйелері теңіз үстінде ұшу кезінде істемей қалғаны хабарланды.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеме жасады.

«Тергеу қорытынды жасағанша қандай да бір гипотеза жасау дұрыс емес. Біз де әрине олай жасамаймыз, басқалар да олай жасамауы керек. Тергеудің аяқталғанын күту керек», — деді ол.

Ал Әзербайжан парламентінің депутаты Ресей тиісінше әрекет етіп, кешірім сұрауы керек деген пікір білдірді.

«Мұны жасағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы керек, қаза болғандар мен зардап шеккендерге өтемақы төленуі керек. Бұл болмаса, онда әрине, қатынас басқа дәрежеге көшеді», — деді ол.

Бүған дейін Маңғыстау облысының көлік прокуроры Абылайбек Ордабаев Reuters агенттігіне тергеу әзірге ресейлік әуе қорғанысының апатқа қатысы бары жөнінде қорытындыға келген жоқ деп мәлімдеген.

Еске салайық, Ақтау әуежайы Әзербайжан әуе компаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағын қабылдауға дайын болды. Экипаж мүшелері диспетчермен байланысқа шығып, ұшып-қону жолағы іске қосылған. Алайда 11:20-да ұшақ радардан жоғалып кетеді. Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі Маңғыстау облысының орталығынан үш шақырым жерде ұшақтың құлағанын хабарлады. Оқиға орнына жедел топ жіберілді.

Баку-Грозный рейсін орындаған Embraer 190 ұшағы облыс орталығынан үш шақырым жерде апатты жағдайда қонғаны мәлім болды. BAZA Telegram арнасы ұшақтағы жолаушылардың тізімін жариялады. Тізімде 67 адам болған. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ұшақ бортында 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан және 16 Ресей азаматы болғанын хабарлады.

Өкінішке орай Қазақстан азаматтарының барлығы қаза тапты. Оның ішінде 11 жасар бала бар. Медициналық мекемелерге 29 адам жеткізілді, олардың қатарында 2 бала бар.

Azerbaijan Airlines әуе компаниясының ұшағының конструкцияларын бөлшектеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қаза тапқандардың 38 мәйіті табылды, олар медициналық сараптама орталығына жеткізілді, олардың ішінде 6 Қазақстан азаматы және 3 экипаж мүшесі бар. 7 адамның денесі анықталды.

Сонымен қатар кеше іздеу тобының нәтижесінде ТЖМ құтқарушылары қара жәшікті тапты. Оқиға орнында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.

Зардап шеккен 9 ресейлік азаматын отандастарымыз Мәскеуге шығарып салды. Сондай-ақ әзербайжандық 14 азамат елдеріне оралды.

Қазіргі таңда Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында 6 науқас ем алуда. Оның ішінде 4 адамның жағдайы ауыр, 2 адамның жағдайы орташа. Жарақат алғандарға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде.