Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ақтөбе қалалық сотында Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі (Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу), 116-бабы 1-бөлігі (Адамның ағзалары мен тiндерiн алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қою) негізінде қаралған іске үкім оқылды.
“Ерболат Орынбасаров Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 116-бабының 1-бөлігімен көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қылмыстық кодекстің 63-бабына сай, тағайындалған жаза шартты деп саналсын”, – деді судья.
Бүйрегін 9 миллион теңгеге саудалаған ер адам үкімнен кейін шағым келтіретінін айтты.
Іс материалдарына сүйенсек, өз бүйрегін заңсыз сатпақ болған 27 жастағы ер адам Атырау қаласының тұрғыны. Тұрақты жұмысы жоқ. Кәмелет жасына толмаған екі баласы бар. Әйелі үшіншісіне жүкті.
Сотқа түскен істе ер адам тірі ағзаны заңсыз саудалады деп айыпталды.
Ол ақшаның бір бөлігін алу кезінде қолға түскен еді. Бүйрегін 9 миллион теңгеге бағалап, заңсыз келісім жасаған. 5 миллион теңгені алу кезінде құқық қорғау қызметкерлеріне ұсталды.
Айыпталушы сотта заңсыз әрекет жасағанын мойындайтынын, өкінетінін айтты. Жазаны айыппұлға ауыстыруды сұраған. Сотталушы бұл жағдайдың санкцияда қаралмағанын ескертті.
Сот бас бостандығынан айырудың барлық тағайындалған мерзіміне пробациялық бақылау белгіленіп, Орынбасаровқа Қылмыстық кодекстің 44-бабы 2-бөлігіне сай, пробация қызметіне хабарламай, тұрақты тұрғылықты жерінен, жұмысынан, оқуынан кетпеу және ауыстырмау, ойын-сауық құратын жерлерге, мейрамханаларға, дәмханаларға бармау міндеттерін орындауды міндеттеді.