Халықаралық «Астана» әуежайының жаңа терминалы құрылысын қазір «Аларко», «Сименс» және «Марубени» тәрізді үш компаниядан құралған консорциум салып жатыр. И.Алатонның айтуынша, Астана әуежайы Орталық Азия аймағындағы ең ірі терминал болмақ. Құны 170 млн. долларды құрайтын жобаны Жапонияның халықаралық ынтымақтастық банкі қаржыландыруда. Терминал құрылысына 1500 адам, соның ішінде 800 Қазақстан азаматы жұмылдырылған. И.Алатонның айтуынша, нысанның құрылыс жұмыстары 2004-жылы аяқталады деп күтілуде.
Ол осы орайда «Аларко» холдингінің Қазақстанда Ертіс өзені арқылы өтетін Семейдегі көпір, «Филипп Моррис» компаниясының Алматы облысындағы темекі фабрикасының ғимараты, Жезқазғандағы аурухана кешені тәрізді нысандарды салғанын еске салды.
И.Алатонның атап көрсетуінше, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен әңгіме барысында компания жүзеге асырып жатқан 443 шақырымдық Ақтөбе-Қостанай бағытындағы автожолды жаңалау жобасы туралы да талқыланған. Құны 128 млн. долларды құрайтын бұл жоба аясында жолдың үстіңгі қаптамасы жаңартылумен бірге, қазіргі қолданыстағы 17 көпірді жаңалап, жаңадан 4 көпір салу көзделген. Жобаны Жапонияның халықаралық ынтымақтастық банкі қаржыландыруда.
Сондай-ақ, «Аларко» холдингі Алматы-Бішкек тас жолының 56 шақырымдық бөлігін жаңалау жөніндегі тендерді жеңіп алды. Жобаны Азия даму банкі қаржыландырмақшы. Сонымен бірге, холдинг басшысының хабарлауынша, компания Қашағандағы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға атсалыспақ ниетте.
«Қазақстанда инвестиция салуға барлық жағдайлар жасалған, сол себепті біз ынтымақтастықты одан әрі өрістетпек ниеттеміз»,- деді И.Алатон журналистермен кездесуде.
Инжинирингтік және мердігерлік ұйым ретінде құрамына 22 компанияны қамтыған «Аларко» холдингі Түркия аумағында және одан тысқары жерлерде жұмыс істейді. Ол мұнай өңдеу және мұнайхимиясы зауыттары, электр станциялары тәрізді өнеркәсіп нысандары мен табиғи газдың құбыр желісі, су тазарту қондырғылары, ауыз су желілері, әуежайлар, авто- және теміржолдар, тұрғын үй нысандары секілді құрылыс жұмыстарымен айналысады.
Тұтастай алғанда, холдинг 200-ден астам жобалардың құрылысын, соның ішінде Ресей мен Орталық Азия республикаларының аумағында 20 жобаны жүзеге асырды. Олардың арасында ең елеулі жобалар ретінде Ашхабад, Самарқанд, Бұхара және Үргеншідегі әуежайларды атауға болады.