Жарияланды: 600

Алашорданың 95 жылдығы қалай аталып өтіледі?

Алашорданың 95 жылдығы қалай аталып өтіледі?

Биылғы желтоқсанда Алаш партиясы мен Алашорда өкіметінің құрылғанына 95 жыл толады.

Осыған орай, бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Нұрлан Жазылбеков ұлттық тәуелсіздіктің бастауында тұрған Алашорданың мерейтойын кеңінен атап өту туралы мәселе көтерді. "Алаш арманы - бүгінгі тәуелсіз Қазақстан. Ендеше біз әрбір азамат 100 жыл бұрынғы ұлттық ұлы идеяның бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның негізі ретінде берік орнығуына атсалысуға тиіспіз. Өйткені, алаш идеологиясы - ұлттық идеология. Ол отаншылдыққа, мемлекетшілдікке, бірлікке үндейді», - дейді Н. Жазылбеков. Депутаттың айтуынша, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның бастауында тұрған, қалың қазақтың ұлттық санасын көтерген алаш арыстарын ардақтау шаралары негізсіз кешігіп отыр. «Алаш арыстарының рухын жас ұрпаққа сіңіру үшін бұған мемлекет кешенді түрде баса назар аударуы тиіс. Алаштың 90 жылдығы жергілікті деңгейде ғана аталды. Алдағы 95 жылдықты қалай атап өтпекпіз? Өйткені, Алаш идеясы, Алаштың ісі - ол жеке ұйымның, жеке партияның ғана меншігі емес. Алаш - тәуелсіз Қазақстанның бастауында тұрған толыққанды өкімет пен саяси партия. Сондықтан да, Алаш туралы мектеп оқулықтарына толыққанды ақпараттар қамтылуы, Алаш көсемдерінің ескерткіштері елдің барлық өңірлерінде орнатылуы, кітаптар мен фильмдер көптеп шығарылуы тиіс. Жоғары оқу орындарында алаш идеясын оқыту жүйесі жолға қойылуы шарт. Алаштың ордасы «Алаш қаласы» аталған қазіргі Семейде Ертістің сол жағалауындағы Алашорда өкіметі мен партиясы жайғасқан үйге ескерткіш тақта орнатып, ол үйді мұражайға айналдырсақ игі. Осының баршасы кезек күттірмейтін мәні зор мәселе. Түптей келгенде алаш идеясы бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның да басты идеясы болуы шарт», - деді ол.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін