«Алатау» балалар шипажайы күрделі жөндеуден кейін қайта ашылады
ҚР Тәуелсіздігі күніне орай ертең «Алатау» республикалық балалар клиникалық шипажайы еліміздің барлық өңірлерінің балалары үшін қайтадан есігін айқара ашады. Салтанатты шараға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Серікбол Мусинов қатысады, деп хабарлады аталған ведомствоның баспасөз қызметінен. |
Өткен жылғы қатты дауылдан «Алатау» шипажайына елеулі нұқсан келіп, ғимараттың төбе жабындысы мен қызметтік ғимараттар қирап, терезелер сынған болатын. Одан кейін үш күн бойы жауған жаңбырдан ғимараттың іші де жарамсыз күйге түсті. Шипажай аумағында жасыл және Тянь-Шань шыршалары, қарағай, қайың, емен, терек және өзге де 150-ге тарта ағаш сұлады.
Республика Үкіметі мен Денсаулық сақтау министрлігінің жедел шаралары арқасында шипажайды күрделі жөндеуден өткізуге қажетті қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта ғимарат толықтай жөндеуден өтті, сейсмикалық жағынан күшейтілді және көлемі қосымша 600 шаршы метрге ұлғайтылды. Жаңа құрал-жабдықтар сатып алынып, балаларды сауықтыру мүмкіндіктері арта түсті. Балалар жатын және ойын бөлмелеріне жаңа жиһаздар сатып алынып, емдеу дене шынықтыру бөлмелері жаңартылды.
«Алатау» шипажайында жыл сайын созылмалы тыныс алу, асқазан-ішек жолдары, несеп жүйесі органдары, қант диабеті сияқты ауруларға шалдыққан 1,5 мыңнан астам бала кешенді ем алады.
2013 жылдан бастап шипажайда онкогематологиялық патологиясы бар балалар да емдеуден және оңалтудан өтетін болады.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін