Жарияланды: 360

Алаяқтар енді гипнозбен қалта қаға бастады

Алаяқтар енді гипноз тәсілімен жұртты тонауды шығарды. Экстрасенстық әдістің бұл түрімен қалтаны қағушылар, әсіресе, қарт адамдардың жиғанын жымқырып жүр. Осындай топтың арбауына ілігіп, сан соғып қалғандардың бірі алматылық зейнеткер Людмила Бережная. 65 жастағы қария емге деп жиған 400 мың теңгесін алаяқтарға ұстата салған.

- Осы ауладан қоқыс шығаруға шыққан болатынмын. Алдымнан бір әйел шықты.

Бұл Людмила Бережнаяның есінде қалған жалғыз сәт. Сыртқа шыққаны сол екен, оған өзін «ұтыс ойынын жүргізіп жүрген телеарна қызметкеріміз» деп таныстырған үш келіншек жолығыпты. Қолын ұстап, сөзге тартқан. Одан соң не болғаны зейнеткердің есінде жоқ.

Людмила Бережная, Алматы қаласының тұрғыны:

- Мен өзімді бір құдды үйретіліп қойылған ит сияқты жүрдім. Не айтса, соны істеппін. Олар маған 10 минуттың ішінде ақшаны әкеліп беруді бұйырды. Қалай бергенімді білмеймін, операцияға деп тығып жүрген 400 мың теңгемді бере салыппын.

Қарт алданғанын тек есік іштен тарыс жабылып, есін жиғанда ғана түсінген. Бірақ тым кеш, бұл кезде алаяқтар із суытып үлгерген болатын. Қазір зейнеткер гипноздың күшімен тоналғанына сенімді. Өйткені дәл осындай жағдайға екі танысы тап болыпты. Анна Минаева сол алданғанның бірі.

Анна Минаева, Алматы қаласының тұрғыны:

- 15 жыл жиған ақшам еді. Қалай, қайтып бердім- ол жағы есімде жоқ. Тек бір білерім, әлдебір бұйрықты орындап жүрдім. Басым айналып, тұманның ішінде жүргендей сезіндім өзімді.

Алданған зейнеткерлерді бәрінен де полицияның немқұрайлығы ашындырады. Бірақ тәртіп сақшылары мұндай жағдайда алаяқты ұстаудың қиын екенін алға тартады. Себебі көбіне бұл тәсілді өзге елдің азаматтары қолданады екен.

Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Алматы қаласы ірі қала болғандықтан бұл жерге оңай жолмен нан табушылар көп келеді. Сондықтан олар қылмысты жасайды да, өз еліне қашып кетеді. Сондықтан оларды ізін суытпай жатып ұстау мүмкін емес.

Қазір алданған Людмила Бережнаяның қолында сырттағы бақылау камерасына түскен таспа бар. Онда алаяқ үш келіншектің жүздері анық көрінеді. Зейнеткер ұрыларды осы арқылы ұстауға боларына сенімді. «Тек ол үшін полиция шындап іске кіріссе», - деп тілейді. Әйтпесе, гипнозға бір ол емес, біраз адам түсуі мүмкін.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін