Министрліктің мәліметіне сүйенсек, 2004-жылдың аяғына қарай Қазақстанда 36 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, 936 білім беру нысанына күрделі жөндеу жасалды, жергілікті атқарушы билік органдары 55 балабақшаны қалпына келтірді.
Министрлік сонымен бірге балалардың 30 процентін мектепке дейінгі білім беру бағдарламасына, 75 процентін мектеп алдындағы дайындыққа қамтуды көздеп отыр. 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуге бағытталған тәжірибеге барлығы 104, соның ішінде ауылдық 45 мектеп қатысуда.
Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, республика бойынша орта есеппен компьютерлік техникамен қамтамасыз етілу көрсеткіші 44 оқушыға 1 компьютерден келетін болса, бастауыш кәсіптік білім беру ошақтарында 30 оқушыға 1 компьютерден, ал кәсіптік орта білім беру ошақтарында 25 оқушыға 1 компьютерден келеді.
Мектептердің 64,2 проценті, кәсіптік мектеп-лицейлердің 51 проценті, коллеждердің 60 проценті, сондай-ақ, жоғары оқу орындары жаппай интернет желісіне шыға алады. 2005-жылы республикамыздағы барлық мектептердің төрттен үш бөлігі интернет желісіне қосылады.
Ұстаздар санын көбейту және мұғалімдік кәсіптің тартымдылығын арттыру үшін 2005-жылы білім және ғылым министрлігі педагогикалық мамандықтар бойынша бөлінетін гранттар мөлшерін 5 мыңға арттырмақшы. Бюджет қаржысының есебінен жыл сайын 30 мың оқытушы кәсіби біліктілігін жетілдіреді.
2005-жылы алғаш рет республика үкіметінің шәкіртақысына ие болған 3 мың адам Шығыс Еуропа және Ресей елдеріне оқуға аттанады, ал Қазақстанда білім алатын студенттерге Елбасы 1080 атаулы стипендия тағайындап отыр. Президент шәкіртақысының көлемі 7 мың теңгені құрайды.