«Нәтижесінде осы мерзімде 20 мың жаңа жұмыс орны құрылады»,- деді президент.
Н.Назарбаев ортаға салған мәліметке сәйкес, тек биылғы жылдың 7 айында екінші деңгейлі банктер шағын кәсіпкерлік саласына 400 млрд. теңгенің несиелерін берді. Жалпы саны 350-ге жеткен шағын несиелік ұйымдар биыл 9,6 млрд. теңгенің несиелерін таратты. «Бұл шағын кәсіпкерлікке жасалған ауқымды қолдау»,- деді президент.
«Елімізде салық салу ісін шағын кәсіпкерлікті ынталандыру және қолдау бағытында жетілдіру жұмыстары одан әрі жалғасуда»,- деді ол. Атап айтсақ, Салық кодексіне арнаулы салық режимінің қолданылу аясын кеңейту, қосалқы құн салығы бойынша есепке тұруға негіз болатын ақша айналымының мөлшерін ұлғайтуды қарастыратын өзгерістер әзірленді.
Шағын және орта бизнеске инвестициялық салық преференцияларын жасау ережелері жеңілдетілді. «Қазіргі жағдаймен 5 млрд. доллардың инвестициялық преференциялары көрсетілді»,- деді Н.Назарбаев.
«Рұқсат құжаттарын алу процедурасын жеңілдету және лицензия берілетін қызмет түрлерінің санын азайту бағытында жұмыстар жүргізілуде»,- деді президент. Қазіргі жағдаймен лицензия берілетін қызмет түрлерінің саны 25 процентке, ал лицензия берілетін қызмет түрлерінің ішкі салаларының саны 40 процентке азайды»,- деді мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, қазіргі таңда елімізде 1,5 млрд. доллардың 233 инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Оның 84 процентін экономиканың өңдеу саласындағы жобалар құрайды. Сонымен бірге қаржылық даму институттарының инвестициялық жобалар қоржынында қаржыландыру мақұлданған жалпы құны 2 млрд. долларды құрайтын 103 жоба бар. Жеке меншік сектордың 67 жобасы 1,193 млрд. долларға қаржыландырылды.