Көптеген діндерде ақырет күні туралы әңгімелер ғаламның жаратылысы мен адамзат тағдырының, құдайдың құдіретінің ажырамас бөлігі болып табылады. Буддизмнің сенуінше, ақырзаман кезекті Кальпа циклінің аяқталуымен түсіндіріліп, от, су және жел үшеуі кезектесіп тіршілікті біртіндеп жояды. Одан кейін белгісіз уақыттан кейін жаңа өмір «басталып, ол миллиардтаған жылға созылады, осылайша өмір қайта-қайта жандана береді. Бұл өзгерістер тек материалдық әлемге ғана қатысты, ал құдіретті күш мәңгі тірі бола береді.
Христиандар үшін ақырзаман Жер бетінде антихристің пайда болып, Иса пайғамбардың екінші рет көктен түсуімен байланыстырылады. Мұнда да көптеген катаклизмдер болады делінген. Ақырзаманның нақты дәл қай күні болатындығы айтылмайды, өйткені оны тек Жаратушы ғана біледі делінеді. Дегенмен адамдардың адамгершілігі азайып, соғыстардың, эпидемиялардың көбеюі сияқты белгілер арқылы ақырзаманның жақындағанын білуге болады.
Мұсылмандар үшін де ақырет күні таяғанда адамзаттың азғындауы (қылмыс, әлеуметтік азғындау, соғыс, дінсіздік және т.б.) көбейеді. Аталған белгілердің көпшілігін бүгіннің өзінде көріп те жүрміз. Ақырзаман болатын кезде Исрафил періште «Суур» деп аталатын алып сырнайды үрлейді. Сол кезде бүкіләлемдік тартылыс күші бүлініп, жұлдыздар құлап, Жердің ішіндегі заттар сыртқа шығып, жер бетін тегістеп кетеді делінеді.
Адамзаттың жаппай қырылатындығы туралы ең бірінші сөз біздің дәуіріміздің бірінші мыңжылдығының соңына тиесілі. Рим Папасы Сильвестр II ақырзаман 1000 жылдың 1 қаңтарында болады деп болжап, еуропа халқын біраз әбігерге салған. Кейінірек болжамның дәл болмағандығы айтылып, ақырзаман Иса пайғамдардың туғанынан 1000 жылдан кейін емес, өлгенінен 1000 жылдан кейін болады деген сәуегейлік жасалған.
Содан бері ақырзаман туралы көптеген болжамдар айтылды. Кейінірек, яғни ғылыми сана өріс ала бастаған кезде ақырзаманның қарапайым діни белгілерін технологиялық негіздегі апаттар туралы түсініктер ығыстыра бастады. Солардың қатарында Жер шарының басқа да ғарыш денелерімен қақтығысуы, Күн жүйесін Қара жыртықтың жұтып қоюы, Үшінші дүниежүзілік соғыс, мұздықтардың еруі және тағы басқа себептер аталады.
Әрбір теорияның жақтаушылары мен қарсыластары бар. Алайда майялықтардың күнтізбесі, анығында оны тарихшылардың «тәпсірлеп», ал ақпарат айдынындағы «акулалардың» күллі әлемге жайып жіберуі адамзат үшін тағы бір ақырзаманның белгісі болды. Қазіргі заманауи технологиялық әлемде сонау есте жоқ ескі заманда жасалған күнтізбеде көрсетілген ақырзаманның нақты қашан болатындығын ғылыми негізде, математикалық есептеулер жасай отырып нақтылауға болатын еді. Сосын барып оны көпшілікке тарату қажет болатын.
Осының салдарынан әлем екіге жарылды. Біріншілері ақырзаман болатына сенді және күтті, екіншілері мұндай сценарийді ақымақтық деп есептеді. Сөйтті де олар өздерінің күнделікті тірлігімен айналысып жүре берді. Ал бірінші топтағылар естерінен адасып, ақырзаманды күтіп отырды. Осы кезде үшінші біреулер бұл оқиғаны пайдаланып, әжептәуір «ақша жасап алды». Мұндай «әлемдік тақырып» бойынша тиын-тебен «жасау» тек пайдалы ғана емес, сонымен қатар «қызықты» іс болып шықты. Киностудиялар кассалық фильмдер жасап шығарды, риэлторлар ақырзаманнан «құтқаратын» бункерлер мен басқа да бас сауғалайтын жерлерді сатты, дүкендер күнкөріске арналған құрал-саймандар ұсынды. Оңтүстік Америка елдеріне туристер ағылды, тіпті сақтандыру компанияларының өзі ақырзаманнан «сақтандыруға» ақша жинады.
Кейбір сарапшылар майялықтардың нұсқасы бойынша ақырзаман 2012 жылдың 21 желтоқсанында болады деген сөз нақты емес дейтін көрінеді. Егер нақты есептерге қарасақ, ақырзаманды жексенбіге дейін күтіп, тек содан кейін ғана бұл мәселеге нүкте қою керек екен. Әрине, егер олай-бұлай болып кетпесе…