ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Париж Африканың батысында әскери интервенцияға кірісті
Өтіп бара жатқан апта ішіндегі халықаралық қоғамдастағы өзекті оқиғалар қатарында Африканың батысында орын алған жайттар ерекше назар аудартты. |
Нақты айтқанда, Малидегі үкімет пен исламшыл топтардың арасындағы теке-тірес барынша ушығып, елдегі жанжалды жою үшін шетелдік әскери контингент кіретіндігі белгілі болды. Батыс Африкадағы 13 млн. халқы бар Мали мемлекетінде әскери төңкеріс орын алғаннан кейін елдің солтүстігіндегі ахуал айтарлықтай нашарлап кеткен еді. Елдің солтүстігінде басым қоныстанған туарег тайпасы әскерилер билік басына келген жаңа үкіметтің басты жауына айналды, ал екі тараптың бір-біріне қарсы тұруы азаматтық соғыс сипатында өрбуде.
Туарег тайпасы бірнеше ондаған жылдар бойы мемлекеттің саяси өміріне ықпал етуге талпынып келеді. Бірақ та әлі күнге дейін олардың ұмтылысынан еш нәтиже шығар емес. Олардың басым бөлігі Малидің солтүстік-шығысы мен шығысын, Буркина-Фасоның солтүстігін, Нигерияның батысы мен солтүстік-батысын, сонымен қатар Алжирдің оңтүстік-шығысы мен Ливияның оңтүстік-батыс аймағын қосатын «Азавадты (туарег тайпасының тарихи отаны) азат ету ұлттық қозғалысы» ұйымының төңірегіне шоғырланған.
Өткен жылдың наурыз айының ішінде туарег тайпасының белсенділігі айтарлықтай өсіп, үкіметтік күштермен арадағы қақтығыстар тұрақты орын ала бастады. Бұл ел өмірінің барлық салаларына өзінің жағымсыз әсерін тигізбей қойған жоқ. Іс жүзінде қазіргі билік туарег тайпасының ереуіліне тоқсауыл қою міндетін орындай алмай отыр. Ал бұл өз кезегінде Амаду Тумани Турені президенттік тағынан төңкеріп, шектес мемлекеттермен арадағы шекараны жапқан, әлі елде коменданттық сағат енгізген әскерилердің күрт наразылығын тудырды.
2012 жылдың 29 сәуір күні елде кезекті президенттік сайлау өтуі тиіс болатын. Дегенмен 22 наурыз күні орын алған әскерилердің кезекті бүлігінен кейін конституцияның өз күшіне енуі уақытша тоқтатылған еді. Малидегі мемлекеттік төңкерісті БҰҰ, Франция, АҚШ және Ресей айыптап отыр. Африкалық одақтағы және Батыс Африка елдерінің экономикалық қоғамдастығындағы мүшелігі тоқтатылды. Сонымен бір мезетте Дүниежүзілік банк пен Еуроодақ тарапынан да экономикалық көмек шектелді. Осыдан кейін әскерилер кезектен тыс сайлаудың қорытындысы бойынша қалыптасқан жаңа үкіметке биліктің берілетіндігін хабарлады.
Бұдан соң туарегтер исламшылармен бірлесіп, одақтан шығып, елдің солтүстігінде автономия құру бастамасын көтерді. Дегенмен елдегі ахуалға негізінен «Ансар ад-Дин» исламшылар тобы ықпал ете бастады. Айта кетерлігі, бұл топ «Әл-Каида» лаңкестік желісінің солтүстікафрикалық бөлімшесімен байланысы болуы арқасында танымал. Соңғы уақытқа дейін «Ансар ад-Диндіктер» исламшылар мен оларға қосылған «Солтүстік-Батыс Африкадағы бірлік пен джихад үшін қозғалысы» Малидің солтүстігіндегі ең негізгі қалалар Тимбукту, Гао және Кидаль қалаларына бақылау жасады. 10 қаңтар күні содырлар елдің оңтүстігіне жол ашатын стратегиялық маңызы бар Конна қаласын басып алғандықтарын мәлімдеді. Сондай-ақ олар осымен тоқтап қалмай Мопти және авиабаза орналасқан Севара қалаларын да басып алатындықтарын жария етіп отыр.
Осыған орай бейсенбі күні шұғыл өткізілген БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Мали Президенті Дионкунда Траоре Франция мен БҰҰ-дан көмек сұрады.
Келесі күні ол исламшыл көтерілісшілдермен күрес үшін барлығының жұмылуы қажеттігін жариялады.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі отырысының қорытындысы бойынша әзірленген мәлімдемеде Конна қаласының басып алынуына байланысты алаңдаушылық танытылған. «Ахуалдық мұндай күрделене түсуі Малидің тұрақтылығы мен бүтіндігіне зор қауіп төндіреді әрі халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке тікелей қатері бар», - делінген баспасөзге арналған мәлімдемеде.
Қауіпсіздік кеңесі БҰҰ-ға мүше мемлекеттерді Малиде өршіп келе жатқан лаңкестік қауіп-қатерді төмендету үшін малилік билікке көмек көрсетуге шақырды. Есте болса, желтоқсан айында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Малиге Батыс Африка елдері Экономикалық қоғамдастығынан 3,3 мың әскери қызметкерді жөнелтуді санкциялайтын қарар қабылдаған еді. Ал әскери операция ағымдағы жылдың қыркүйегіне таман жүргізіледі деп жоспарланған болатын.
Бірақ, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің соңғы отырысынан кейін ЕО елдері нақты шешімдер қабылдап, Малиге шетел әскерлерінің кіргізілгендігі туралы ақпараттар да тарай бастады. Шетелдік БАҚ сілтеме жасап отырған куәгерлердің айтуынша, келесі күні қару-жарақ пен жеке құрам тиелген ұшақтар басып алынған Конна қаласына тақау жерде назарға іліккен.
Жұма күні Франция Президенті Франсуа Олланд Париждің Малиге әскери бөлімше жібергендігін қуаттап, француз жауынгерлерінің африкандық мемлекет аумағында қанша уақыт қажет болса, сонша уақыт болатындығын баса айтты. Кейбір деректерге қарағанда, француз әскери әуе күштері елдегі исламшылардың негізгі ордаларына әуеден шабуыл жасаған көрінеді. Соның нәтижесінде Малидің үкіметтік әскері Конна қаласына бақылау жасауын қайта қалпына келтіруге кірісіп те кеткен.
Сарапшылардың пайымдауынша, Малидегі исламшылардың белсенділігінің артуы Ливиядағы ахуалдың тұрақсыздығымен байланысты болып отыр. Бір қызығы, исламшылар осыдан жарты жыл бұрын Малидің солтүстігінде шариғат заңымен өмір сүретін өз мемлекеттерін құрғандығын жария еткен болатын. Ал оның тәуелсіздігін халықаралық қоғамдастық мойындамаған еді. Тек енді ғана содырлардың ел астанасы Бамакоға дейін жету жоспары батыс елдерін шырт ұйқысынан оятып, асығыс болса да батыл қадамдар жасауға, Батыс Африкада экстремистік әрі лаңкестік топтардың билік басына келуіне жол бермеуге итермелеуде.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін