ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Путиннің рейтингі төңірегіндегі шу. Foreign Policy барлығын да жоққа шығаруда
Төрге озған Жылан жылы саяси әрі экономикалық тұрғыдағы жаһандық үдеріске айтарлықтай өзгерістер әкеле қойған жоқ. Еуропаның көптеген елдерінде рождестволық және жаңа жылдық мерекеге орай кезең одан әрі өз жалғасын табуда. Дегенмен халықаралық тыныс-тіршілікте орын алған бірқатар оқиғалар ғаламшар тұрғындарының назарын өзіне аудартпай қоймағандығы да рас. |
Мәселен, бейсенбі күні француздық актер Жерар Депардье Ресей азаматтығын алғандығы туралы ақпарат жершарын шарлап кетті. Сәйкесінше жарлыққа РФ Президенті Владимир Путин қол қойған болатын. Онда: «Ресей Федерациясы Конституциясының 89-бабы «а» тармағына сәйкес, 1948 жылы Францияда дүниеге келген Жерар Депарьде Ксавиенің Ресей Федерациясы азаматтығына қабылдау туралы өтiнiші қанағаттандырылсын», - делінген.
Есте болса, әртіс француз азаматтығынан 16 желтоқсан күні бас тартқан еді. Оған елдегі социалист Франсуа Олланд үкіметінің кіріске 75 пайыз салық енгізу туралы бастамасы түрткі болды. Кейін Францияның бірқатар шенеуніктері Ж.Депардьенің бұл қылығын «лайықсыз» деп бағалап, жерден алып, жерге салып, жазғырған да болатын. Есесіне Ж.Депардье ашықхат жолдап, енді оның премьер-министрмен ортақ елі жоқ екендігін, сонымен қатар ол өзін нағыз еуропалық және әлем азаматы деп санайтындығын жазған. Содан кейін көп кешіктірместен әртіс Бельгиядан жылжымайтын мүлік сатып алды. Сонан соң БАҚ-та, Ж.Депардье Черногорияға немесе Ресейге көшіп келу ниеті бар екендігін хабарлады. Бұл ақпаратты одан әрі қыздыру үшін Ж.Депардье тіпті Ресей Федерациясының төлқұжатын В.Путиннің өзі салып жібергендігін айтып қалжыңдады. 20 желтоқсан күні РФ президенті баспасөз мәслихаты барысында осы оқиға жайында өз пікірін берген болатын. «Егер Жерар тұрғылықты жерін Ресейге ауыстырғысы келсе немесе ресейлік паспортты алуға ынтасы болса, бұл мәселе оң шешілді деп санай беріңіздер», - деді В.Путин. «Біз Жерармен көп жолығып тұрмасақ та, арамызда достық бар. Мен оның Францияны, француз мәдениетін қаншалықты қатты сүйетінін білемін. Суретшіні әркім-ақ ренжіте алатыны белгілі ғой. Билікпен арадағы түсініспеушіліктің салдарынан, қазір Жерар Депардье өз өмірінде қиын кезеңдердің бірін өткеруде», - деп атап өтті РФ басшысы. Айта кетерлігі, миллионнан астам еуроға жылына 75 пайыздық салық енгізу бастамасы қабылданбағанына қарамастан актер өз шешімінен бас тартқан жоқ.
Айтпақшы, тағы бір Францияның танымал кино әртісі Брижит Бардо да актердің жолын қайталауға ниетті екендігін ашық айтып отыр. Ол егерде Франция билігі 2 цирк пілін құтқарып қалмайтын болса, онда Ж.Депардьенің тәжірибесін қайталап, Ресей азаматтығын алуға өтініш білдіретіндігін айтуда. Желтоқсан айында Лион префекті өкпе ауруына шалдықты деген күдікпен жануарларды өлтіруге шешім қабылдаған еді.
Кино әртісінің Ресейге бүйрегі бұратындығы баяғыдан-ақ белгілі. 2012 жылдың мамырында Францияда өткен президенттік сайлау науқаны барысында Б.Бардо француздық БАҚ-қа берген сұхбатында В.Путинді тамаша президент деп санайтындығын жеткізген болатын. Сонымен қатар РФ үкіметінің сирек кездесетін жан-жануарларды және табиғатты қорғау бағытындағы шаралары да оның көңілінен шығады.
«Foreign Policy американдық журналы 2012 жылдың қорытындысы бойынша Ресей Президенті Владимир Путинді әлемдегі ең беделді адам деп таныды», деген ақпарат ресейлік БАҚ-ты бір дүрліктіріп алды. Нақтырақ айтқанда, Путин рейтингтің екінші орнында тұр, себебі басылым бірінші орынды ашық қалдырды. Авторлардың пікірінше, қазіргі әлемнің «барлығы ең ауыр және қауіпті қыр көрсетулері үшін жауапкершілікті мойнына жүктеуге дайын тағы біреуді тосуда». Үшінші орынға АҚШ Федералды резервтік жүйесінің басшысы Бен Бернанке орналасты. Рейтингтің алғашқы ондығына сондай-ақ Германия Канцлері Ангела Меркель, АҚШ Президенті Барак Обама, Еуропалық Орталық банктің төрағасы Марио Драги, Қытай Коммунистік партиясы ОК бас хатшысы Си Цзиньпин, Иран Ислам Республикасының бас көшбасшысы Аятолла Али Хаменеи, Халықаралық валюта қорының басшысы Кристин Лагард және Сауд монархы Абдалла Бен Әбдел Әзиз Әл Сауд енді.
Алайда, шындығында келгенде журнал ешқандай да әлемнің ең ықпалды саясаткерлерінің жылсайынғы рейтингін түзген жоқ. Жалпы бұл пікір басылым блогері, саясаттанушы Ян Бреммердің жеке пайымы ғана болып шықты. Foreign Policy тілшісі Джошуа Китинг журналдың ресми блогында (http://blog.foreignpolicy.com) әлемді шарлаған ақпараттың шындыққа жанаспайтындығын жария етті.
КХДР көшбасшысы Ким Чен Ын Жаңа жылда өз халқына айтарлықтай сыйлық жасады десек те болады. Біріншіден, ол 19 жыл бойы өткізілмей келген дәстүрлі жаңажылдық телеүндеуді қайта жандандырды. Ол өз сөзінде Оңтүстік Кореямен қарым-қатынасты жолға қою керектігін баса айтып, халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге барын салатындығына уәде берді. бұған қоса Ким Чен Ын елдің қарулану мен қуатты армия құруды одан әрі жалғастыра беретіндігіне ерекше екпін беріп өтті. КХДР көшбасысна қатысты екінші жаңалық Сеулден жетті десек те болады. Қаңтар айының алғашқы күндерінде оңтүстіккорейлік БАҚ КХДР лидерінің жұбайы Ли Соль Чжу таяуда ғана босануы мүмкін деген болжамдарын жарыса жариялады.
Таралған ақпаратқа қарағанда, желтоқсан айының ортасында ел көшбасының әкесінің қайтыс болғанына 1 жыл толуына орай өткізілген шарада ол дәстүрлі корейлік көйлекпен келген әрі ішінің шығып тұрғаны айқын білінсе, ал жаңажылдық ресми қабылдауда одан жүктіліктің ешқандай белгілері байқалмаған.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін