Жарияланды: 640

ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Тәуелсіздік бағытындағы тар жол, тайғақ кешу немесе Палестина БҰҰ-ның байқаушы мемлекеті мәртебесін алды

Өтіп бара жатқан апта ішінде халықаралық аренада елді елең еткізер бірқатар оқиғалар орын алған болатын. Дегенмен солардың ішінде ғаламшар тұрғындарының назарын халықаралық күштердің Палестина ұлттық автономиясына ресми мәртебе беруі ерекше аудартқаны сөзсіз.

Бейсенбі күні БҰҰ Бас Ассамблеясы Палестинаның БҰҰ-дағы байқаушы субъекті мәртебесін алуына қатысты мәселені дауысқа салды. БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған қарарға сәйкес Палестина байқаушы мемлекет мәртебесін алды. Қарар БҰҰ-ға мүше 193 елдің 138-і мақұлдағаннан кейін қабылданды. Бұл ретте айта кетерлігі, Палестинаның жаңа мәртебе алуына тек 9 мемлекет қана, оның ішінде Израиль, АҚШ, Канада сынды елдер қарсылық танытса, 41-і қалыс қалды. Сонымен қатар БҰҰ Бас Ассамблеясы израильдіктерге 1967 жылы басып алған Голлан жобасынан кетуді, Иерусалимді оның астана деп жариялауынан бас тартуды және палестиндіктермен бейбіт келіссөздерді бастауды талап етті. Осылайша БҰҰ ресми түрде жаңа мемлекетті жария етті. Дегенмен аталған елдің құқықтары әзірше шектеулі болғанымен 1968 жылы израильдіктер басып алған аймақ шегінде өз құқықтарын айқындау мүмкіндігі берілді. Айтпақшы, бүгінгі шешім Палестинаны бөлу жоспарының 65 жылдығына тұспа-тұс келіп отыр. 1947 жылдың 29 қарашасында БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған №181 қарарда 1948 жылдың 1 тамызына қарай Палестинада британдық мандатты тоқтату қарастырылып, оның аумағында атаусыз еврей және араб мемлекеттерін құру ұсынылған еді. Сол кезеңнен бастап тек Израиль ғана толыққанды мемлекетке айналып, Палестина осы жылдар ішінде өзінің халықаралық танылуына тырысып баққан болатын. Таратылған хабарларға қарағанда, жаңа мәртебе бұл мемлекетке Гаагадағы Халықаралық сотқа жүгінуге, әскери қылмыстарға айып тағуға мүмкіншілік береді. Дегенмен БҰҰ-дағы палестина өкілдерінің баса айтуынша, Палестина ұлттық автономиясын тану тек қана бейбіт келіссөздерге ғана пайдаланылады әрі бұл Таяу Шығыстағы проблемаларды реттеуде Израильмен келіссөздерді жылдамдатуға мүмкіншілік береді. Палестина ұлттық автономиясының басшысы Махмұд Аббас БҰҰ Бас Ассамблеясының міндерінен елдің өз мемлекеттілігін қалыптастыру жолындағы іс-қимылдарын жалғастыра беретіндігін мәлім етті. Айта кетерлігі, Палестинаның халықаралық құқық субъектісі болып танылуы елдегі ФАТХ және ХАМАС саяси күштері үшін проблемалар туындататыны айқын. Өйткені ХАМАС мемлекет Палестинаның барлық тарихи аумағында танылуы тиіс, ал Израиль әлем картасында мүлдем болмауы керек деп санайды. Қалай десек те, БҰҰ Бас ассамблеясының шешімі туралы хабарды Иордан өзінің батыс жағалауындағы және Газа секторындағы палестиндіктер зор қуанышпен қабылдады. Түні бойы халық өз мемлекеттерінің халықаралық танылуын тойлады. Ал израиль премьері Биньямин Нетаньяхудың кеңсесі таратқан мәлімдемеде палестиндіктер мәртебе алу үшін БҰҰ-ға өтінім беру арқылы Израильмен арадағы келісімдерді бұзып отыр деген айып тағылған. Алайда БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған шешім енді өзгермейтіні айқын. Сонымен қатар аталған мәлімдемеде Израиль азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін келісім жасалмай палестина мемлекетінің құрылмайтындығы баса айтылған. Жоғарыда аталған БҰҰ шешімі қабылданған күннің ертеңінде Израиль билігі Иерусалим, Самари және Иудей қалаларында тағы да 3 мың тұрғын үй салуға рұқсат берді. Еврей мемлекеттік билігі 1980 жылдың өізне-ақ Иерусалимді біртұтас, бөлінбейтін астана ретінде нақтылайтын заңды қабылдап қойған еді әрі БҰҰ-ның Шығыс Иерусалимді олардың жаулап алғандығы туралы бағалауын қаперге де алғылары келмейді АҚШ ұстанымы Израиль көзқарасымен сәйкес келеді. Олардың пайымынша, бұл шешім тек қана екіжақты келіссөздер базасында ғана шешілуі тиіс бейбіт үдерістердің тоқырауға ұшырауына әкеледі. Ал Палестинаға артылып отырған негізгі айыптаулар мыналар: лаңкестік белсенділіктің тыйылмауы, аумақтағы толыққанды бақылаудың болмауы, сонымен қатар Израильмен қарым-қатынастағы ортақ стратегияны дайындауға қауқарсыздығы.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін