Шетел валютасының дәуірі әлсіреп бара жатыр ма? Халықаралық ұйымдар неге дабыл қағып жатыр? Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады.
Crescat пікірінше, әлем доллар тарихындағы ұзақмерзімді үшінші ірі девальвация толқынына жақындап қалды.
Алғашқы толқын Ұлы депрессия кезінде орын алды. 1933 жылғы 5 сәуірде АҚШ президенті Франклин Д. Рузвельт №6102 атқарушы жарлыққа қол қойып, америкалықтар 1933 жылғы 1 мамырға дейін өздеріндегі жеке алтын қорының негізгі бөлігін Федералдық резерв жүйесіне тапсыруға міндеттелді. Бұдан кейін доллар ресми түрде құнсызданып, 1934 жылғы 31 қаңтарда алтынның бағасы бір унциясы үшін 20,67 доллардан 35 долларға дейін көтерілді.
Екінші ірі толқын 1971 жылғы 15 тамызда басталды. Сол күні АҚШ президенті Ричард Никсон «алтын терезесін жабу» туралы шешім қабылдады. Бұл қадам шетел мемлекеттері үшін долларды алтынға тікелей айырбастау мүмкіндігін толық жойды. Осылайша, Бреттон-Вудс жүйесінің, яғни бекітілген айырбас бағамдары тәртібінің аяқталуына әкелді.
Үшінші толқынның алғашқы белгілері жаңа мыңжылдықтың басында байқалды. 2000-жылдардың басындағы технологиялық сектордың құлдырауы кезінде де, 2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысының алдында да алтын қымбаттап, доллар индексі төмендеді. Алайда ол кезеңдер толыққанды жаңа толқынға ұласа қойған жоқ. Соған қарамастан, кейінгі жылдары АҚШ-тағы мемлекеттік қарыз бен бюджет тапшылығы тарихи ең жоғары деңгейлерге жетті. Сонымен қатар америкалық технологиялық компаниялар мен ірі қор индекстерінің бағалануы да шамадан тыс өсті.
Негізгі экономикалық көрсеткіштерге сүйенсек, қазіргі таңда S&P 500 индексінің бағалануы 1929, 1972 және 2000 жылдардағы ірі қаржы дағдарыстары алдындағы деңгейлермен шамалас.
Сарапшылардың айтуынша, «Ұлы бетбұрыс» енді ғана басталып келеді. Бұл — инвесторлардың жаһандық ауқымда бағалы және стратегиялық маңызы бар металдарға, ресурстық компаниялардың акцияларына және шетелдік нарықтарға көшуі. Ал капитал америкалық ірі технологиялық компаниялардан, АҚШ-тың жетекші қор индекстерінен және доллардан біртіндеп кетіп жатыр.
Атап айтқанда, президент Дональд Трамптың 2025 жылғы 20 қаңтардағы инаугурациясынан бері АҚШ долларының индексі 8,9 пайызға төмендеді.