Польша бұқаралық ақпарат құралдарының таратуынша, «Н.Назарбаевтың жаңа бастамасы Қазақстанның бұрынғы кеңестік кеңістіктегі интеграциялық процесстердің көшбасшысы ретіндегі тұғырын сақтап қалуға ұмтылысын білдіреді». Бұған дейін Н.Назарбаевтың бастамасымен ЕурАзЭҚ құрылғаны аталып өткен.
Қазақстан басшысының Орталық Азия мемлекеттері одағын құру бастамасы — өте орынды және дер кезіндегі жоба, ол осы өңір үшін ғана емес, өзге елдер үшін де маңызды. Румынияның жаңадан тағайындалған президентінің халықаралық мәселелер бойынша кеңесшісі А.Плеша мемлекет басшысының жолдауын осылай бағалады. Ол интеграция саласындағы Қазақстан тәжірибесі Еуроодақтың болашақ мүшесі ретіндегі Румыния үшін қат қажеттілік дей келіп, тиісті процесстер жөнінде ақпарат алмасуды ұсынды.
Жолдауда айтылған ақпаратты Сауд Арабиясы Корольдігінің басшылығы мен қоғамы да қолдап отыр. Осы елдің, сондай-ақ Парсы Шығанағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесіне мүше-елдердің бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстан елшілігі таратқан материалдарға айтарлықтай қызығушылық танытып, Қазақстанның даму жолына жете мән беруде.
«Ассошиэйтед пресс» агенттігі «Қазақстан президенті саяси, экономикалық реформалар жасауға және өмір қалыптарын жақсартуға уәде береді» деген тақырыппен ақпарат таратты. Онда «Н.Назарбаев Қазақстанды батыстық демократияның дәстүрлері мен принциптеріне сай одан әрі демократияландыруға бағытталған саяси реформаларды жүзеге асыруды ұсынды» делінген.
Түркияның саяси және қоғамдық орталарында мемлекет басшысының Орталық Азия мемлекеттері одағын құру бастамасы қызу қолдау тапты. Н.Назарбаевтың бұл одаққа барлық Орталық Азия мемлекеттерінің, соның ішінде Тәжікстан мен Түрікменстанның кіруін ұсынуы қанағатпен аталып өтті. Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдарда Қырғызстан мен Өзбекстан басшыларының президент Н.Назарбаевтың ұсынысына қолдау білдірулеріне назар аударылған. Аталған ұсыныс Орталық Азиядағы интеграциялық процесстің «локомотиві» болуға қабілетті анық көшбасшы мемлекет тарапынан жасалып отырғаны аталып өтті.
Түркия сарапшыларының пікірінше, өңірдің одан әрі интеграциялануы тұрақтылықты, экономикалық, әскери және саяси тәуелсіздікті нығайта түспек.
Украина премьер-министрі Ю.Тимошенко жолдау мәтінін Қазақстан елшісі А.Жұмабаевпен кездесу кезінде алды. Украина үкіметінің басшысы жолдауды мұқият зерттеп оқитынына сендірді, өйткені, оның ойынша, Қазақстанның табыстары айрықша назар мен талдауды талап етеді.
Украина мемлекеттік хатшысы А.Зинченко: «Қазақстан басшысы көреген және беделді саясаткер, сондықтан қазақ президенті пікірінің мәні бөлек. Украина басшылығы Н.Назарбаевпен ақыл бөлісуге дайын» дейді.
Қазақстан президентінің жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшесі, Жапония-Қазақстан іскерлік ынтымақтастығы комитетінің төрағасы «Мицубиси» корпорациясының аға атқарушы вице-президенті М.Такашима президент Н.Назарбаевтың жолдауы Қазақстанның өңірдегі көшбасшылық рөлін күмәнсіз дәлелдейді деп атап өтті. «Мицубиси» корпорациясы Орталық Азияның барлық мемлекеттерінде жұмыс істеу тәжірибесін жинақтаған. Сол себепті М.Такашима инвестициялық ахуалды және басқа салалардағы жағдайды саралай келіп, өңірлік интеграция республикалар үшін барынша өзекті деген тоқтам айтады.