Алайда арзан тауарлардың көптігіне қарамастан, әлем елдерінің барлығы оны қуана қарсы алып жатқан жоқ. Керісінше, бұл фактор кейбір мемлекеттер үшін Temu қызметін шектеуге немесе тіпті толықтай тыйым салуға басты себеп болып отыр, деп жазады Caravan.kz медиа порталы.
Еуропа: цифрлық қызметтер заңы және тұтынушылардың құқығын қорғау
Еуропалық одақ Temu-ға қатысты қысымды бірнеше бағытта күшейтті. 2024 жылдың шілдесінде Еурокомиссия үйлестірген тұтынушыларды қорғау органдары маркетплейске қарсы тексерістерді бастады. Негізгі шағымдар – сауданың ашық жүргізілмеуі, сатып алудан бас тарту процесінің қиындығы және тауар сапасына қатысты.
2024 жылғы 31 қазанда Комиссия Temu-ға қатысты цифрлық қызметтер заңы бойынша ресми тергеу бастады. Ал 2025 жылғы 28 шілдеде алдын ала қорытындысын жариялады: платформа заңсыз тауарлардың таралу қаупін дұрыс бағаламаған әрі алдын алмаған. Тергеу әлі жүріп жатыр. Еуроодақ Temu-ды «өте ірі онлайн-платформа» деп танып, оған әлемдік табысының 6%-ына дейін айыппұл салуы мүмкін.
Сонымен қатар, жекелеген елдердің реттеуші органдары да белсенді қадамдар жасауда.
Польшалық UOKiK 2024 жылы Temu-ға қарсы қоғамдық талап-арыз түсірді. Себебі – сатушылар туралы ақпараттың ашық болмауы. 2025 жылдың мамырында тағы бір талап қойылды. Ол — “құпия және жаңылыстыратын жеңілдіктер” үшін. Егер дәлелденсе, Temu-ға елдегі айналымының 10%-ына дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Германияда тұтынушылар одағы Temu-ға «манипулятивті интерфейс» пен күмәнді пікірлер үшін ресми ескерту жасады. Ирландияның бақылау органдары
2024–2025 жылдары жүздеген қауіпті балалар тауарын сатылымнан алып тастауға қол жеткізді.
Қосымша контекст: Бұдан бөлек, Еурокомиссия кедендік реформаны да қарастыруда. Оның ішінде арзан импорттық тауарларға бірыңғай салық енгізу жоспары бар. Испаниялық El País басылымы талқыланып жатқан мөлшерді атады. Бір қаптамаға – 2 еуро.
Өзбекстан: тіркелгенге дейінгі бұғаттау
2025 жылғы 20 наурыздан бастап Өзбекстан қытайлық Temu платформасына шектеу қойды. Бұл шешім Министрлер Кабинетінің 2024 жылғы 26 желтоқсандағы №885 қаулысына сәйкес қабылданған. Қаулыға сай, электронды сауда алаңдары елде резидент ретінде тіркеліп, жергілікті заңдарды орындауы тиіс. Оның ішінде электронды сауда, жарнама, жеке деректерді қорғау, тұтынушылардың құқықтары мен зияткерлік меншікке қатысты талаптар бар.
Temu бұл шарттарды қабылдап, Өзбекстанда ресми түрде заңды тұлға әрі салық төлеуші ретінде тіркелді. Бірақ бұл шешім барлық мәселенің шешімі болған жоқ. Билік компанияның бұрынғы қызметін әлі де тексеріп жатыр, әрі болашақтағы жұмысына қатысты келіссөздер жүргізілуде.
Платформаның Өзбекстандағы жұмысы бойынша соңғы шешім тексерістер аяқталғаннан кейін қабылданады. Сонымен қатар Temu-дан 46 млрд сум (шамамен 3,55 млн доллар) салық төлеу талап етілді.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа талаптар шетелдік және жергілікті сатушылар үшін тең жағдай жасайды. Заң талаптарына сәйкес тіркелген платформалар жұмысын жалғастыра алады, ал талаптарды орындамағандарға қойылған шектеу өзгеріссіз қала береді. Бұл жағдай жергілікті кәсіпкерлерге кедергі емес, керісінше импорттаушылармен бәсекеге түсуге көмектеседі.
Қырғызстан: ынтымақтастық аясындағы келіссөздер
Қырғызстанда Temu платформасына ресми шектеулер қойылған жоқ. 2025 жылғы 29 шілдеде компания өкілдері Мемлекеттік салық қызметі, Бас прокуратура және «Қырғыз поштасы» өкілдерімен кездесті. Кездесуде Temu-дың ел аумағында тіркелуі және жергілікті салық заңнамасын орындауы талқыланды. Платформа өкілдері барлық талаптарды орындауға дайын екенін білдірді.
Сонымен қатар сарапшылардың пікірінше, мұндай кездесу Өзбекстандағы жағдайға ұқсас ықтимал сценарийлерді ескеріп отырғанын көрсетеді. Temu Қырғызстанда ресми талаптарға сай жұмыс істеу үшін алдын ала шаралар қабылдап жатыр.
Оңтүстік Корея: айыппұлдар мен түзету шаралары
2024 жылғы қарашада Кореяның монополияға қарсы қызметі (KFTC) AliExpress пен Temu-ға қатысты 47 “әділетсіз” шарт бойынша нұсқама берді. Ал 2025 жылғы 11 маусымда Temu-ға жарнама және электрондық коммерция саласындағы заңбұзушылықтары үшін айыппұл салып, түзету шараларын қабылдады.
Елде Temu қызметіне ерекше назар аударылып отыр, себебі жергілікті шағын бизнес ірі шетелдік платформалармен бәсекеде қиындықтарға тап болуда.
Солтүстік Америка: арзан сәлемдемелерге бақылау және мәжбүрлі еңбекке сүзгі
АҚШ-та баж салығынан босатылған ұсақ сәлемдемелерге қатысты заңдарды қайта қарау жүріп жатыр. Бұл схема бойынша елге жыл сайын өте көп тауар кіреді. Ал, эолардың басым бөлігі Қытай маркетплейстерінен жеткізіледі. Солардың ішінде Temu сатып алушылардың назарын тиімді ұстап тұратын тәсілдерінің арқасында өз үлесін үнемі арттырып келеді.
2024–2025 жылдары АҚШ әкімшілігі арзан жолдарды пайдалануды азайту үшін шаралар қабылдады. Мәселен, 2025 жылғы 29 тамыздан бастап құны 800 АҚШ долларынан төмен сәлемдемелерге кедендік баж салығынан босату жойылды. Бұл өзгеріс арзан жеткізілімдерге тәуелді Temu секілді платформалардың бизнес-моделін айтарлықтай өзгертеді.
Жаңа актіге сәйкес, мұндай сәлемдемелерді жібергенде де тауар құны 800 доллардан асатын жеткізілімдердегідей есеп беру, кепіл және құжат талаптары қойылады. Ең бастысы — заттардың мазмұнын егжей-тегжейлі көрсету міндеттеледі. Мысалы, жай ғана “футболка” емес, “ерлерге арналған 100% мақта футболкасы”деп жазылуы қажет. АҚШ билігі мұның сатып алулардың ашықтығы мен қауіпсіздігін арттыратынына үмітті.
Бақылаудың бөлек бағыты — өндірушілерге қатысты. Қажетті қызметтер өндірісте мәжбүрлі еңбек пайдаланылған болуы мүмкін деген күдікпен жеткізілімдерді жиі ұстап қалады.
Мексика да қатаң шара қабылдады. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап еркін сауда келісімі жоқ елдерден келетін арзан курьерлік сәлемдемелерге 19% мөлшерінде жаңа баж салығын енгізді. Ал 29 шілдеде бұл көрсеткіш қайта көтеріліп, 33,5%-ға жетті. Бұл өзгерістер қытайлық маркетплейстердің сауда үлгісіне тікелей әсер етеді.
Мексика билігі «көлеңкелі» тауарларға қарсы қосымша қадамдар жасайтынын мәлімдеді. Сарапшылардың пікірінше, мұндай қадамдар АҚШ билігінің “Қытай Мексиканы тарифтерді айналып өту үшін транзиттік пункт ретінде пайдаланады” деген мәлімдемелерімен байланысты.
Бразилия: “50 долларлық жеңілдіктің тоқтатылуы”
2024 жылдың маусымынан бастап Бразилия халықаралық онлайн сатып алуларға жаңа салық тәртібін енгізді. Енді құны 50 долларға дейінгі тауарларға 20%, ал 50 доллардан асатын сатып алуларға 60% салық салынады. Бұған қоса, мемлекет пен жекелеген штаттар деңгейінде қосымша салықтар қарастырылған.
Бұл өзгерістер Қытайлық Temu сияқты маркетплейстер үшін Латын Америкасындағы ең ірі нарыққа ену жолын айтарлықтай қиындатып отыр. Сарапшылардың пікірінше, енді Temu бразилиялық тұтынушыларға өнімдерін қолжетімді ету үшін жаңа стратегия әзірлеуі тиіс.
Австралия: өнім қауіпсіздігі мен жарнамаға қысым
Австралиядағы реттеуші органдар мен белсенділердің негізгі талабы — өнімдердің қауіпсіздігі. 2024–2025 жылдары жергілікті БАҚ пен ҮЕҰ Temu платформасындағы балаларға арналған тауарлардың қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келмейтінін бірнеше рет анықтады.
Негізгі дабыл қақтырған оқиға — Квинслендте болған жағдай. 8 жасар Даниэллаға туған күніне әжесі бірмүйізді (единорог) бейнеленген жемпір сыйлаған. Арада бірнеше ай өткенде, 2025 жылдың қаңтар айында қыз бала оттың жанында тұрған сәтте жел оның жанына оттан шыққан ұшқындарды әкеледі. БАҚ-тың жазуынша, сол сәтте қыздың киімі лезде тұтанып кеткен. Қыздың денесінің 13%-ы күйіп, оның ішінде беті де зардап шекті. Кейін белгілі болғандай, бұл киім балаларға арналған өрт қауіпсіздігі стандарттарына мүлде сәйкес келмеген және ол Австралия аумағына кірмеуі тиіс еді.
Қоғамдық резонанстан кейін қауіпті тауарларды кері қайтару және жарнама бойынша тексерулер басталды. Temu қауіпсіздікке қатысты ерікті міндеттемелерге қосылғанын жариялағанымен, тұтынушылар қатаңырақ бақылауды талап етуде.
Бұл Temu үшін нені білдіреді?
Сарапшылардың айтуынша, бүкіл әлемде қабылданып жатқан шаралар арзан импортты шағын сәлемдемелер арқылы шектеуге бағытталғанын көрсетеді. Әлем елдері бірінен соң бірі өздерінің өндірушілері мен тұтынушыларын қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қытайлық тауарлардан қорғау қажеттігін мойындап жатыр.
Aliexpress дәуірінде әкелінетін тауарлар мен жергілікті өндіріс арасында әлі де белгілі бір тепе-теңдік сақталса, Temu жағдайды түбегейлі өзгертті. Енді қытайлық маркетплейстер оның салдарымен бетпе-бет келіп отыр.
Енді қытайлық маркетплейстер, соның ішінде Temu да, сатушыларды іріктеу, өнімдерді тексеру сияқты қатаң талаптарды орындауға мәжбүр. Әйтпесе, Өзбекстандағыдай бұғатталу, айыппұлдар немесе сот істеріне тап болу қаупі жоғарылай береді.