Дархан Мыңбай мәлім етті.
«Ұлттық опера өнерінің қалыптасуы тарихында есімі алтын әріппен жазылған, халқымыздың біртуар перзенті, қазақтың бұлбұлы атанған Күләш Байсейітованың туғанына жүз жыл толуына арналған салтанатты кеш — еліміздің мәдени, рухани өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі. Халықтың махаббаты мен құрметіне ие болған К. Байсейітова жиырма төрт жасында Кеңес Одағының Халық әртісі деген жоғары атаққа ие болды»,- деп тоқталды министр.
Осы орайда Д. Мыңбай қазақтың бұлбұлы әлемдік, қазақ және орыс классикалық опералары репертуарларында сомдаған рөлдерінің галлереясы өте бай екенін атап өтті.
«Оның тұңғыш сомдаған «Қыз-Жібек» операсындағы көркем бейнесі ұлттық музыка өнерінің мақтанышы болып қала бермек. Әлем мойындаған асқақ әншінің есімі халық жүрегі мен жадында мәңгілік сақталады. Қысқа ғұмырында кейінгі ұрпаққа өшпес, өлмес үлгі-өнеге болар ғажайып мұра қалдырған дара тұлғаның рухына тағзым етіп, оның қайталанбас өнерін насихаттау мақсатында мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды бүгінгі жас ұрпаққа тәлім-тәрбие деп есептейміз», — деді Д. Мыңбай.
Айта кетейік, бүгін Астанадағы К. Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында әншінің 100 жылдығына орай салтанатты концерт өтіп жатыр. Концертте КСРО халық әртісі Әлібек Дінішев, Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жанат Бақтай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жанат Шыбықбаев, Айгүл Ниязова, Гүлзат Дауырбаева, Жәмила Жарқымбаева, Мәдина Басбаева, сонымен қатар «Серпер» домбырашылар ансамблі, Мемлекеттік «Наз» би театры және К. Байсейітова атындағы ҰОБТ балет труппасы мен хоры өнер көрсетеді.