Жарияланды: 420

Әлем прокурорлары трансұлттық қылмыспен күресте құзырлы органдардың өзара әрекетінің тиімділігін арттыруды талқылады

Ағымдағы жылдың 31 қазанында Бангкок қаласында (Тайланд) «Трансұлттық ұйымдасқан қылмыстылық, оның әртүрлі қылмыстылық саласында тарауы және прокурордың қызметі»

тақырыбында Прокурорлардың халықаралық қауымдастығының (ПХҚ) 17-ші жыл сайынғы конференциясы болып өтті. Оған Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель қатысты. Форум әлемнің жетпістен астам мемлекетінің қадағалау органдарының басшыларын жинады. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметінен мәлім етті. Конференцияны Тайланд Корольдігінің Бас прокуроры Чулансин Васантасин мен ПХҚ Президенті Джеймс Гамильтон ашты. Әлем прокурорлары қадағалау органдарының киберқылмыстылыққа, тауарларды жасырын өткізуге, ұйымдасқан қылмыстылыққа, адам саудасына қарсы күресте өзара әрекеттестіктің тиімділігін арттыру мәселелерін, сондай-ақ трансұлттық қылмыстылықтың басқа да мәселелерін талқылады. ПХҚ басшылығының Қазақстанға 2011 жылдың қазан айында Астана қаласында болып өткен ПХҚ-ның Орталық, Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері үшін 6-шы өңірлік конференциясын жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін сертификат табыс етуі, форумның айтулы сәтіне айналды. Оның жұмысына шамамен 30 мемлекеттің қадағалау органдарының басшылары, әйгілі халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысқан болатын. И.Мерккель өз сөзінде Қазақстан әлем қауымдастығының белсенді мүшесі екендігін және трансұлттық ұйымдасқан қылмыстылыққа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықтың дамуына өз үлесін қосып отырғанын атап өтті. Конференция аясында И.Меркель Тайландтың, Монғолияның және Албанияның бас прокурорларымен, сондай-ақ Ресей Федерациясы мен Украина бас прокурорларының орынбасарларымен екіжақты кездесулер өткізіп, олардың барысында өзара ынтымақтастықтың келешегі жөніндегі мәселелерді талқылады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін