Әлем жаһандық шиеленістер мен трансформация кезеңінде тұр: Қазақстан өзін бейтарап әрі тұрақты ел ретінде көрсете білді - kaz.caravan.kz
  • $ 499.65
  • 582.89
+1 °C
Алматы
2025 Жыл
5 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Әлем жаһандық шиеленістер мен трансформация кезеңінде тұр: Қазақстан өзін бейтарап әрі тұрақты ел ретінде көрсете білді

Әлем жаһандық шиеленістер мен трансформация кезеңінде тұр: Қазақстан өзін бейтарап әрі тұрақты ел ретінде көрсете білді

Әлем қазір жаһандық шиеленістер мен трансформация кезеңінде тұр. АҚШ пен Қытай арасындағы сауда бәсекесінің күшеюі, жаһандық экономикалық ахуалдың тұрақсыздығы мен баяу қалпына келуі, климат пен су ресурстарына қатысты дағдарыстардың үдеуі сынды басты тақырыптар халықаралық күн тәртібін түбегейлі өзгертті.

  • 29 Қазан
  • 2239
Фото - Caravan.kz

Аталған құбылыстар Қазақстанды айналып өтпейді. Еліміз экспорт, транзит және дипломатиялық байланыстар арқылы жаһандық процестердің белсенді қатысушысы, әрі олардың салдарын нақты сезініп отырған мемлекет. Осы ретте Caravan.kz медиа порталының тілшісі әлемдік оқиғалардың контекстінде Қазақстанның алатын орнын сарапшылар пікіріне сүйеніп саралап көрді. 

Қазақстан — Азия мен Еуропа арасында көпвекторлы саясатты ұстанатын мемлекет. Сондықтан халықаралық процестердің Қазақстанға әсері зор. Осындай геосаяси ахуалда Қазақстан өзін бейтарап әрі тұрақты ел ретінде көрсете білді. 

Қазақстан — бейбітшілік пен сенім орталығы

Өткен аптада Қазақстанға Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев ресми сапармен келді. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, екі ел арасындағы маңызды келісімдерге қол қойды. Келіссөзден кейін Әзербайжан Армениямен жүк тасымалына қойылған барлық шектеулерді алып тастайтынын жариялады. Бұл еліміз үшін маңызды оқиға.

Алғашқы транзиттік жүк ретінде отандық бидайымыз жөнетілді. Сарапшылардың пікірінше, аталған оқиға бейбіт өмірдің, өзара сенімнің белгісі. Осылайша, Оңтүстік Кавказда бейбітшілік орнап, Қазақстан екі ел арасындағы байланыстырушы көпірге айналды.

Арменияның экономика министрі Геворк Попоян да бұл жаңалықты қуана қарсы алды. Оның айтуынша, қазақстандық бидайдың алғашқы партиясы Ақтау — Баку — Тбилиси — Ереван бағытымен елге жөнелтілген. Министр бұл жолды:

«Бейбітшілік пен серіктестіктің жаңа дәуірі» деп атады.

Осылайша еліміз жаңа экономикалық дәуірдің есігін ашып отыр. Мұндай нәтижеге Қазақстанның бейтарап және сабырлы сыртқы саясаты арқасында қол жеткізілді. Еліміз ешқашан бір жақтың мүддесін жақтап, басқа тарапқа қарсы шыққан емес. Керісінше, Қазақстан әрқашан диалогқа, мәмілеге және көпвекторлы саясатқа басымдық беріп келеді. Тоқаевтың саяси бағытының өзегі бейтараптық емес, конструктивті бейтараптық, яғни елдің бейбітшілік пен дамуды өзара ұштастыра білуі.

Бүгінде Қазақстанға шетелдік инвесторлардың сенімі айтарлықтай артқан. 2024 жылы елге 25 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл-тәуелсіздік тарихындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

Мысалы, егер осы көрсеткішті Ресеймен салыстырар болсақ, онда халық саны бізден сегіз есе көп. Дәл осындай нәтижеге жету үшін көрші ел шамамен 160-180 миллиард доллар инвестиция тартуы қажет. Ал 20 миллион халқы бар Қазақстанның бұл нәтижеге жетуі елге деген сенімнің айқын дәлелі. Сарапшылардың айтуынша, мұндай көрсеткіштер Қазақстанның тұрақтылығын және оның халықаралық беделін көрсетеді. 

«Кейінгі жылдары Қазақстан өз экономикасын әртараптандырып, инвесторлар үшін тұрақты орта қалыптастырды. Елдің саяси бағыты айқын және болжамды», — дейді экономист Аян Сапарбеков. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы саясаты елді біртіндеп мықты орта державаға, өз мүддесін дербес қорғай алатын және өңірлік деңгейде ықпал ете білетін мемлекетке айналдырып отыр. Қазақстанның даусы енді Оңтүстік Кавказда да естіледі.

Қазақстан-Финляндия ынтымақтастығы

Екі елдің бір-біріне беретіні көп дейді мамандар. Қазақстанның ортақ тарихи кезеңдері бар, бөлетін сипаттарға қарағанда, біріктіретін факторлар басым. Әсіресе, Қазақстанның геосаяси орналасуы, сыртқы саяси ұстанымы, экология және цифрлық басқару бағыттары қызығушылықты арттырады. 

«6 млн-ға жуық халқы бар Финляндия соңғы кездері тек Орталық Азия емес, бүкіл әлем елдері үшін азаматтық қоғам құра білудің моделін көрсетті. Одан бөлек, қоршаған ортаны, флора мне фаунаны, жалпы экожүйені табиғи ресурс ретінде емес, бірыңғай саясат қалыптастыра алған ел ретінде маңызды. Былтыр оның НАТО-ға қосылғанын есепке алсақ, және ол Еуропалық одақ ұйымында 95-жылдан бері  мүше екенін ескерсек, Финляндияның Орталық Азиямен байланысы, логистика, инвестиция, ғылым мен мәдениет саласында болашағы зор. Қазір екі ел арасындағы байланыс жарты миллирад доллар көлемінде, осы кездесуден кейін байланыс арта түседі деп ойлаймын. Біз шикізат көздерін Еуропаға тасымалдаушы елміз, осы тұста бұл елдің маңызы ерекше», — дейді саясаттанушы Нұрболат Нышанбай. 

Қазақстанда 70-жуық финляндиялық компания бар. Сарапшының айтуынша, отандық компанияларды сол нарыққа шығаруға өткен кездесу серпін бермек. Осыған дейін байланыс тек экономика мен инвестициямен шектеліп келген. Енді Президент атап өткендей, гумантикарлық салада, білім мен ғылыми зерттеулерде арта түседі. 

Қазақстан теңізге тікелей шыға алмайтын ел болғандықтан, бізге көрші елдермен байланысымызды жақсарту, екіншіден, трансшекаралық өзендерді басқарудың ерекше жүйесін қалыптастыруымыз керек дейді саясаттанушы. 

«Жасанды интеллект, цифрландыру технологиясын су мененджменті саласында меңгеруді Финляндиядан үйрене аламыз. Суперкомпьютерді басқару арқылы бұл ел суды басқаруда үлкен нәтижеге жетті. Яғни, қоршаған ортаға зияны төмен өзіндік технологиясын қалыптастыра білді. Осы тәжірибені Қазақстан өзінің су басқару жүйесіне енгізе алса, онда көршілес елдермен суды бірлесіп басқарудың бірегей жүйесін қалыптастыра аламыз», — дейді маман. 

Ресей — Украина арасындағы ахуал

Екі ел арасындағы дүрдараздық әлемдік экономикаға теріс әсен тигзізді. Соған байланысты салынған санкциялар Ресейдің экономикасын қыспаққа алуда дейді Батыстық басылымдар. Бұл жағдай тікелей болмаса да, Қазақстан экономикасына да әсер етуде, себебі еліміздің бірқатар экспорттық және транзиттік бағыттары Ресей инфрақұрылымымен байланысты. Дегенмен еліміз бұл тығырықтан да жол таба білді.  

«Санкцияларды тек қауіп көзі деп қарауға болмайды, сонымен бірге бұл жақсы мүмкіндік. Қазақстан жаңа логистикалық және энергетикалық бағыттарды дамытып, санкциялық шектеулерден тыс тұрақты серіктеске айнала алады», — дейді экономист Меруерт Махмұтова.


АҚШ пен Қытай бәсекесі және Қазақстанның рөлі 

АҚШ пен Қытай арасындағы бәсеке әлемдің саясаттың басты векторына айналды. Тарифтік шектеулер, технологиялық бәсеке, жасанды интеллект және өзге де жоғары технологиялар саласындағы көшбасшылық үшін күрес күшейген. 

Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі болып қала береді. 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 31 млрд  доллардан асты. Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға өтетін негізгі құрлықтық дәліз – Транскаспий халықаралық көлік бағыты. 

«Қытай үшін Қазақстан Еуропаға апаратын қақпа. Қазақстан үшін Қытай — болашаққа бастар көпір», — дейді саясаттанушы Данияр Бекболатов.

Америкалық алпауыт компаниялар еліміздің мұнай-газ секторында маңызды орын алады. АҚШ-тың елімізге деген қызығушылығы жоғары. Вашингтон Қазақстанды Орталық Азиядағы сенімді әріптес әрі Мәскеу мен Бейжің арасындағы ықпал тепе-теңдігін ұстай алатын «баланс нүктесі» ретінде көреді. Бұл ретте С5+1 форматындағы кездесулер де аймақтың тәуелсіз әрі көпвекторлы байланыстарын нығайту бағытын растап отыр.

«Қазақстан — Еуразиядағы тұрақтылықтың кілті. АҚШ оны Ресей мен Қытайдың ықпалын теңестіретін сенімді серіктес деп санайды», — дейді халықаралық сарапшы Ричард Хоффман, Әлемдік саясат институты. 

«Қазақстан өзінің көпвекторлы және салмақты сыртқы саясатын жалғастырады. Осы тұрғыда Орталық Азия да, АҚШ та біз үшін негізгі басымдықтар болып табылады. Осы орайда «С5+1» форматы одан да өзекті болып отыр. Ол біздің елдерімізді экономикалық және сауда байланыстарын нығайту және орталық мәселелерді тиімді шешу үшін біріктіреді», — деді саясаттанушы Мұхтар Тілеуберді.

Қазақстанның мүмкіндіктері

Қазақстан логистикалық хаб ретінде өзін сәтті қалыптастырып келеді. Каспий теңізі арқылы өтетін Транскаспий дәлізі, Ақтау мен Құрық порттарының жаңғыртылуы, батыс өңірлерде газ өңдеу зауыттарының салынуы еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін күшейтеді. Сарапшылардың айтуынша, қазіргі геосаяси ахуал Қазақстанға Батыс пен Шығысты жалғайтын нағыз көпірге айналуға мүмкіндік беріп отыр. 

«Еуразияның кіндігінде орналасқан, жер көлемі жағынан әлемде 9-орын алатын Қазақстанның транспорт хабы болу ұмтылысы Астананың өзіне де, басқа тарапқа да тиімді. Қазірдің өзінде Қытай мен Еуропа арасындағы жүктің 85 пайызы Қазақстан арқылы өтеді», — дейді Еуропа Одағының жанындағы және НАТО-дағы Қазақстан өкілдігінің басшысы Роман Василенко. 

Соңғы 4 жылда Транскаспий дәлізі арқылы жүргізілген жүк тасымалының көлемі 5,1 есе ұлғайған. Дәл қа­зір жылына 6 млн тонна жүк өткізуге қабілетті.

«Қазақстан енді тек өткел емес, Шығыс пен Батысты жалғайтын толыққанды логистикалық және энергетикалық көпірге айналуда»,- дейді сарапшы Меруерт Махмұтова.

Қысқасы ел экономикасы макротұрақтылықты сақтап, теңге бағамын ұстап тұр.

«Қазақстан қазір қабырғалар емес, көпірлер салып жатқан ел. Бұл оның ең басты күші»,- дейді халықаралық сарапшы Ричард Хоффман.

Түйіндей келе, әлемдегі түрлі геосаяси жағдайларға қарамастан Қазақстан бейбіт дипломатия мен тұрақтылықты сақтап отыр. Бұл еліміздің басты артықшылығы. Қазақстан энергия, логистика және келіссөз алаңы ретіндегі рөлін нығайта отырып, болашақтағы көпполярлы әлемнің белсенді ойыншысына айналуда. Яғни, Қазақстан — жаңа әлемнің қалыптасуындағы маңызды діңгек. 

Перейти к новостям спорта