Қазақстан экономикалық жоғары өсімге қол жеткізгенін, тек бұрынғы Кеңестік кеңістік елдері аясында ғана емес, сонымен бірге, дүниежүзі санасатын елге айналғанын атап өткен Әлемдік банктің аймақтық басшысы 90-шы жылдарда басталған осындағы экономикалық өсімнің алабөтен құбылысқа жатпайтынын айтты. «1994-жылдан бастап Қазақстандағы экономикалық өсім 9,5 процентті құрады. ТМД елдеріндегі орташа көрсеткіш те 9 проценттің төңірегінде. Демек, сыртқы ортадағы қолайлы ахуал барлық елдердің стратегиялық өсіміне септігін тигізді»,- деді Әлемдік банктің топ-менеджері. «Әйтсе де, бұл факторға алдағы уақытта да сенім артып отыра беруге болмайды»,- деді ол.
Д.де Трейдің пікірінше, Қазақстандағы қарқынды өсімге бірқатар күрделі тәуекелдер қатер төндіре алады. Бірінші кезекте ол әлемдік нарықтағы мұнай бағасының арзандау мүмкіндігіне байланысты. «Қазақстан қазір ең алдымен шикізат бағасының арзандау мүмкіндігіне дайындалуға тиіс»,- деп ескертті Д. де Трей. «Кейінгі жылдардағы мұнай бағасының динамикасына қарағанда, шикізаттың бағасы арзандайды деген болжам жасауға болады. Сену қиын болса да, жағдай солай. Баға бір барреліне 40, 35 немесе 25 долларға арзандай ма, ол жағы әзірге белгісіз. Бірақ бағаның әйтеуір бір құлдырайтынына дау жоқ. Сол себепті Қазақстан осындай күрделі тәуекелге сақадай сай қамданып отыруға тиіс»,- деді ол.
Әлемдік банктің аймақтық директорының айтуынша, «Қазақстандағы реформалардың күрделі болғаны белгілі. Бірақ алдағы реформалар тіптен күрделі болмақ». Д.де Трейдің пайымдауынша, құрылымдық реформаларды одан әрі жалғастыру Қазақстанға шикізаттың бағасы арзандаған жағдайда экономикалық өсімді тұрақты сақтап қалуға мүмкіндік береді. «Құрылымдық реформалардың келесі кезеңі — экономиканың барлық салаларында бәсекелестікке қолдау көрсету болып табылады. Ол тіптен күрделі болмақ. Және ол қазіргі ахуалды тиімді санайтындардың қарсылығына ұшырайды»,- дейді банктің аймақтық басшысы.