«Елімізде өтіп жатқан форумның жер бетіндегі бейбітшілік пен ынтымақ-бірлікті нығайтудағы мәні мен маңызын жоғары бағалағандықтан болар, дүниежүзіндегі жетекші мемлекеттердің президенттері мен үкіметтері форумға қатысушыларды құттықтаған хаттар жолдауда»,- деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Сьездің атына Франция президенті Жак Ширактың, Сауд Арабиясының Королі Фахд бен Абдель Азиздің, Ресей президенті Владимир Путиннің, АҚШ президенті Джордж Буштың, Ұлыбритания премьер-министрі Тони Блэрдің, Египет араб Республикасының президенті Хосни Мубарактың, Италия премьер-министрі Сильвио Берлусконидің, БҰҰ бас хатшысы Кофи Аннанның, Еуропалық Комиссияның төрағасы Романо Продидің, АҚШ сенаторлары мен конгрессмендерінің, Францияның бұрынғы президенті Валери Жискар Дестеннің, Польшаның бұрынғы президенті Леха Валенсаның, Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Маргарет Тетчердің, Германияның бұрынғы вице-канцлері Ганс Дитрих Геншердің атынан құттықтау хаттар келіп түсті.
Сондай-ақ, Қазақстан президенті құрылтайға қатысушылардың атынан сьездің құрметті қонақтары — Жапонияның бұрынғы үкімет басшысы Цутому Хата, БҰҰ бас хатшысының арнаулы өкілі В.Сотиров, Сауд Арабиясы Королінің арнаулы өкілі- осы елдің әділет министрі, доктор Абдулла Аль Аш — Шейх, Египет президентінің арнаулы өкілі — Египет Республикасының вакфтар және ислам ісі жөніндегі министрі Махмуд Закзук, сондай-ақ, министр Томас Геремек пен тәлімгер Ланфранко Серрини басқарған Италияның Ассизи қаласының өкілдеріне алғыс білдірді.
«Мен сондай-ақ, Әлемдік және дәстүрлі ұлттық діндер құрылтайын өткізу жөніндегі идеяға енжарлық танытпай, бізді даналық ақыл-кеңестерімен байытқан ерікті адамзат өкілдеріне өз атымнан ризашылық білдіремін»,- деді Қазақстан Елбасы.
«Баршамыз бүгін сол үшін Астанада бас қосқан, барлығымызды біріктіретін басты мұрат — жер бетіндегі бейбітшілік пен өзара түсіністікті сақтап қалуға деген қолдауларыңыз, риясыз көмек, нақты үлестеріңіз үшін алғыс айтамын»,- деді Нұрсұлтан Назарбаев. «Біздің бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға үндеген шақыруымызды қабыл алғандырыңыз үшін шексіз ризашылығымды білдіремін»,- деді ол. «Мен мұсылман әлемінің ұлы тұлғалары — Жоғары Имам Аль-Азхар, Шейх Мұхаммед Саид Тантауи, Бүкіләлемдік Ислам Лигасының бас хатшысы шейх Абдулла бен Абдель Мухсин Аль-Турки мырзалар мен басқа да елдердің мұсылмандық ұйымдары өкілдеріне алғысымды білдіремін. Сіздердің сьезге қатысуларыңыз бізге үлкен мәртебе «,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент сондай-ақ, Ұлы мәртебелі Рим Папасы, II Иоанн Павелге құрылтайды өткізуге айрықша назар аударып, қолдау білдіргені үшін, сонымен бірге, Мәскеу және Бүкіл Ресей Патриархы Ұлы мәртебелі Алексий II-ге сьезге қолдау білдіргені үшін ризашылық білдірді.
Президент жоғары деңгейдегі Құрылтайға қатысқаны үшін иудаизм лидерлеріне, соның ішінде Йоан Мецгерге, сондай-ақ, дүниежүзінің әр аймағынан Қазақстанға келген христиандық конфессиялар өкілдеріне алғыс айтты.
«Біз Шығыстың Буддизм, Индуизм, Даосизм және Синтоизм тәрізді көне өркениттері мен діндерінің басшылары мен өкілдерінің Қазақстанға келуіне дән ризамыз»,- деді ол.
Қазір Әлемдік және дәстүрлі ұлттық діндер құрылтайының жұмысы одан әрі жалғасуда.