Жарияланды: 480

Әлемнің белгілі музыкатанушы ғалымдары елордада бас қосады

Астана күнін мерекелеу аясында елордада алғаш рет музыкатанушы ғалымдардың халықаралық форумы өтеді. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.

Астананың туған күнін атап өту аясында елордада дәстүрлі түрде (3-5 шілде күндері) «Астана - арқау» түркі музыкасы фестивалі өтеді. Фестивальдың мақсаты - түркі әлемінің, кезінде Қытай, Үндістан, Батыс Еуропа, Ресей музыкаларына ықпалы болған, түркі музыкалық өркениетінің бірлігін паш ету. Қазақтың дәстүрлі музыкасы (фольклоры және кәсіби музыкасы - ән-күйі, жыр, терме, дастандары) осы өркениеттің маңызды бөліктерінің бірі болып табылады. «Астана - арқауда» алыс-жақын түркі халықтарының және қазақ дәстүрлі музыкасының айтулы шеберлері өнер көрсетеді. Мерекеде халықаралық деңгейде бағасын алған якут шамандарының қайталанбас өнері, Батысты таң қалдырған алтай, хакас, тувалықтардың көмей әндері, Оңтүстік Сібір, Орталық Азия, Солтүстік Кавказ халықтарының әндері мен эпикалық жырлары, түрлі аспаптармен дәстүрлі әуендер шырқалып, ғасырлар тереңінен тамыр тартқан мәңгілік музыка салтанат құрмақ. Жыл сайын аталмыш фестиваль аясында түркі музыкасын зерттейтін ғалымдардың қатысуымен семинар практикум өтеді. Биыл семинар-практикумның аясы кеңейтіліп, ол халықаралық деңгейде өткізілмек. «Түркі халықтары музыкасының қазіргі заман мәдениетіндегі өзіндік ерекшеліктері» тақырыбымен елімізде алғаш рет өтетін халықаралық конференцияға Қазақстан, Ұлыбритания, Ресей, Әзірбайжан, Түркіменстан және Қырғызстан елдерінің белгілі музыкатанушылары, ғылым докторлары қатысып, түркі музыкасына қатысты 20-дан астам баяндама жасайтын болады. Конференцияға музыкатанушылармен бірге, дәстүрлі орындаушылар, оранжировка жасаушылар, жанрды өңдеушілер және музыка саласының басқа да мамандары қатысатындықтан, оның барысында шеберлік-сабақтар да өткізу жоспарланған. «Музыкатанушы ғалымдар мен орындаушы практиктер бір үстел басына алғашқы рет жиналатын болады», - деді музыка зерттеуші Саида Еламанова.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін