«Ұлылардың ұлысы», «ұстаздардың ұстазы» атанған Аристотельдің еңбектеріне түсініктеме жасаған, ғылымның музыка, саясат, философия, математика, астрология секілді т.б. түрлі салалары бойынша өзі де талайларды таңдандырып, тамсандырған бірнеше рисалат-трактаттар жазған дана Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың шығармашылығын ғылыми негізде зерттеу ісін бүгінгі таңда белсенді түрде жүзеге асырып келе жатқан бірден-бір білім мен ғылымның ордасы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті екені айтпасақ та белгілі.
1991 жылы Ұлы ғалымның есімін алған қазақ ғылымы мен білімінің қара шаңырағы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының ең көрнектісі әл-Фараби образын және оның өзекті идеяларын алға жылжыту мен дамытуды, саналы да білімді ұрпақты осы идеяларды басшылыққа ала отырып тәрбиелеуді өзінің маңызды миссиясы деп біледі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де бүгінгі таңда әлемнің екінші ұстазына айналған ғұлама ғалым еңбегін насихаттау үшін біршама ірі жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, 1993 жылы университет қабырғасында әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Бұл ғылыми-зерттеу орталығының қызметі аясында өмірін түгел дерлік ғылымға жұмсаған ғұламаның артынан қалдырған өшпес мұрасы зерттеліп, оның өзекті идеяларын насихаттау мен түсіндіруге қатысты монографиялар мен көптеген ғылыми мақалалар жарық көруде. Әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығы университет ректоры академик Ғ.М. Мұтанов мырзаның бастамасымен халықаралық Абай клубы және оның президенті, белгілі жазушы Роллан Сейсенбаевпен бірлесе отырып әл-Фараби трактаттарын қайта басып шығару жұмысына бастама жасады. Ойшыл-ғалымның еңбектерінің қайта жаңарып бастырылуы білім нәрімен сусындап, өсіп келе жатқан өскелең ұрпақ үшін Фараби мұраларын танып-білуде үлкен септігін тигізері даусыз. Орталықтың атқарып отырған қызметінің арқасында фарабитану ісі бүгінгі таңда республика ауқымнан асып, халықаралық деңгейге дейін көтерілді. Көптеген шетелдік орталықтармен байланыс орнатып, игі іс-шаралардың орындалуына бастамашы болды. Мәселен, біздің университетіміздің бастамасымен осы іспеттес фарабитану бағытындағы ғылыми-зерттеу орталықтары Иордания, Стамбул секілді қалаларда ашылды.
Фарабитанушы ғалым Жақыпбек Алтаев Огайо, Стамбұл университеттеріне барып, Әбу Насыр әл-Фараби туралы дәрістер оқып қайтты. Университет ғалымдарының зерттеу ісінің нәтижесінде монографиялар; орыс, қазақ, ағылшын тілдерінде оқу құралдары шығарылды. Әбу Насыр әл-Фараби жинақтары бірнеше тілдерде қайта басылды.
2014 жылдың 2-12 сәуір аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 80 жылдық мерейтойына орай тұңғыш рет «І Халықаралық Фараби оқулары» өткізілді. Осы жылдан бастап «Фараби оқуларын» өткізу университетіміздің жыл сайынғы дәстүріне айналды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰ-нің қалашығында орналасқан бүкіл Орта Азия аумағында теңдесі жоқ, заманауи технологияларымен бүгінгі күннің талабы мен талғамына сай етіп жабдықталған, 2 миллионнан астам кітап қорынан тұратын, төрт қабатты кітапхана «Шығыс Аристотелі» атанған әл-Фараби есімімен аталады. Кітапхананың іші тарихи құжаттар мен мұрағаттарға, тарихи жәдігерлерге, рухани мұраларға толы, әр керегесіне әр заманнан ақпарат беретін диорамалар орнатылған мұражай данышпан бабамыздың өмірі мен ғылыми-танымдық шығармашылығына арналған.
Республикадағы мектеп оқушылары арасында жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Әл-Фараби олимпиадасын» да осы орайда айта кеткен артық болмайды. Үш турдан тұратын бәсекеден озып шыққан ең үздік оқушыға университет арнайы білім беру грантын бөлу мәселесін қарастырады.
Университет жанынан мектеп жасындағы балаларға арналып шығатын «Әл-Фараби» танымдық журналы да бүкіл әлем мойындаған ғұламаның ілімі мен білімін ұлт ұрпағына үйрету жолында жүйелі түрде шығарылып келеді. Бұл да әлемнің екінші ұстазының есімін ұрпақ санасына ұялатудың жарқын жолдарының бірі екендігінде дау жоқ.
Әл-Фарабидің мұрасы жаныған сайын өткірлене беретін кездік сияқты, өйткені ол таныған сайын толыса береді, түрлене береді. Оның артынан қалдырған еңбектері таусылмас алтын қазына іспеттес. Әл-фараби бабамыздың еңбектері, көзқарастары мен тұжырымдамалары — біздерге жеткен рухани азық, рухани азық – ол мәңгілік энергияның көзі.
Б.Б. Карибаев,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры
М.К. Алдыбекова,
Тарих, археология және этнология факультетінің
7М02210 – мамандығының 2 курс магистранты