Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен жетекші «Robotek» робототехника мектебі жүзеге асырып жатқан ауқымды жоба жыл сайын жаңа өңірлерді қамтып келеді.

Жоба аясында «Robotek» мамандары бірнеше апта бойы еліміздің әр аймағындағы жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдерін оқытады. Кейін педагогтер алған білімін оқушыларға үйретіп, жарты жыл бойы факультатив сабақ жүргізеді. Сонымен қатар, мұғалімдер бұл сабақ үшін еңбекақы алады.
Алғашқы қадам мен алғашқы нәтиже көріне бастады. Оқу барысында балалар робот жасаудың негіздерін меңгеріп, сенсорлар мен моторлар сияқты әртүрлі компоненттерді басқаратын бағдарлама жазуды үйренді. Олар алған білімін іс жүзінде сәтті қолданады. Жоба басталғанға дейін робототехникамен таныс болмаған көптеген оқушы бүгінде қалалық және республикалық чемпионаттардың жүлдегері атанды, – дейді жобаның Орал қаласындағы жабылу рәсімінде «Robotek» робототехника мектебінің серіктестік желісі бөлімінің жетекшісі Сұлтанбек Қазиев.

Сұлтанбек Қазиевтің айтуынша, жоба аясында Ақтөбе, Өскемен және Орал қалаларында 37 информатика пәнінің мұғалімі біліктілігін арттырды. Олар өз кезегінде 1 021 оқушыға білім берді (Ақтөбеде – 391, Оралда – 297, Өскеменде – 333).
Барлық қалада жобаның жабылу рәсімі кезінде дәстүрлі түрде екі санат бойынша – «Roboтек» және «Инверсиялық сызық бойымен жарыс» атты робототехника турнирі өтеді. Әр қалада бірінші орын алған жеңімпаздар 2025 жылы мамыр айында Астанада өтетін халықаралық Robotek Grand Tournament чемпионатына қатысуға шақыру алады.

Айта кетейік, осы жылдар ішінде жоба арқылы Жезқазған, Семей, Ақтау, Қостанай, Қызылорда қалалары қамтылды. 2022 жылдан бері 8 өңірдегі 40 мектептен 3 000-ға жуық оқушы білім алды.