Алматыдағы «Өлке» баспасынан жарық көрген бұл еңбек әскери оқу орындарына, студенттер мен оқушыларға және көпшілік оқырман қауымға арналған.
«Алғадай ұғымының ауқымы кең, тамыры тереңде. Ертеректе алғадай атану үшін батырлар аса ауыр сыннан өткен. Көптеген ұрыстарға қатысқан жас сарбазға бұғанасы қатқан кезде үлкен міндет жүктеліп отырған. Жау қолымен бетпе-бет келген шақта алдымен екі жақтың бас батырлары жекпе-жекке шығады. Ол алдағы ұрыстың беталысы мен дамуына тікелей әсер етеді екен. Алғадай батыры жеңген жақтың мерейі үстем болып, рухы артар болса, батыры жеңілген жақтың сағы сынып қалатыны белгілі», дейді құрастырушы, ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының ақпарат бөлімінің меңгерушісі Дина Қожамұрат. Оның айтуынша, қазақ жері осындай ерлердің арқасында аман қалып, ұлтымыз сақталды. Ұлт тұтастығы, ұлт мүддесі, ұлттық құндылық үшін күрескен «сегіз қырлы бір сырлы» батыр бабаларымыз әр кезеңде бой көрсетіп отырған. Атқарған еңбектері мен жасаған ерліктері үшін оларды халық биікке көтерген, ардақтап, аттарын аңызға айналдырған. Жаңа еңбек батырламыздың ішінен жұлдызы айрықша жарқыраған, тек батыр ғана емес, білікті қолбасшы, ақылды жол бастаушы, шебер ұйымдастырушы және ел тағдырына байланысты ұтымды шешім қабылдауға тікелей өз үлестерін қосқан ұлтымыздың біртуар ұлдарының ерен ерліктерін арқау етіп, ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде ұсынылып отыр. Тәуелсіздіктің бағасын таразылағанда қазақ батырлары жасаған ерліктің тарихи құндылығын терең түйсіну қажет. Бүгінгі ұрпаққа мұра болып қалған басты игілік — қасиетті жеріміз бен қадірлі ұлтымыз. Қазақ батырларының қаны тамған киелі жеріміз ұрпақтан-ұрпаққа аманат. Оның қадіріне жетіп, көздің қарашығындай сақтау білу — әр азаматтың парызы.