Қызыл кілеммен актерлар мен түсірілім тобының мүшелері жүріп өтті. Тұсаукесер салтанатына аталмыш фильмнің бас продюсері болып табылатын Әлия Назарбаева да келді.
«Үлкен шығармашылық ұжымымызға алғыс айтқым келеді, оларсыз бұл фильм де болмас еді. Бүгін бұл кеш бірінші кезекте, құрметті аналар, сіздерге арналады», — деді Ә.Назарбаева.
«Бүгінгі нәтижемізге бір жарым жыл бойы ұмтылдық. Түсірілген фильмдерімнің арасында «Анаға апарар жолдың» орны ерекше. Біріншіден, біз бұл картинаны аналарымызға арнадық. Екіншіден, сценарий идеясы кезінде ата-аналарым айтып берген оқиға негізінде туындады»,- деп атап өтті Ақан Сатаев.
Фильм Мәдениет және спорт министрлігі мен «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен түсірілді. Ана рөлін театр және кино әртісі Алтынай Нөгербек сомдады. Сондай-ақ басты рөлдерді Әділ Ахметов, Аружан Жазылбекова және Еркебұлан Дайыров ойнады. «Анаға апарар жол» картинасының сценарийін Тимур Жақсылықов жазды. Музыкалық әрлеу Әлім Зайыровтікі.
Кинокартина тағдырдың түрлі соққыларына төзуге көмектескен — аналық махаббаттың құдыреті туралы. Оқиға желісі 1930 жылдан бастап осы күнге дейінгі уақытты қамтиды. Тарихи драма Қазақстанда, Беларусьта және Әзербайжанда түсірілді. Оның жұмысына барлығы екі мыңнан астам адам қатысты.