С.Құранбектің айтуынша, А.Винокуров пен Т.Жайлауовты Азиада ойындарының Алау эстафетасына бастау беретін алғашқы алаугерлері ету туралы тиісті ұсыныс хаттар Қазақстан велоспорт федерациясының президенті, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның Басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов пен Қазақстанның шайбалы хоккей федерациясының президенті, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның төрағасы Асқар Мәминге жолданды.
Қазақстанның бетке ұстар спортшылары, 2011 жылғы қаңтардың 11-і күні Азия Олимпиадалық кеңесінің (АОК) штаб-пәтері орналасқан Әл-Куәйт қаласында АОК президенті Шейх Ахмад Әл-Фахд Әл Сабах тұтандыратын 7-ші Қысқы Азия ойындарының құтысын салтанатты түрде қабылдап алатын болады. Бұдан кейін, қаңтардың 12-сі күні құты Қазақстанға жеткізіліп, аймақтарда 20 күн бойы Алау эстафетасы өткізілетін болады. Эстафета қаңтардың 30-ы күні Астанадағы «Астана-Арена» стадионында өтетін Ойындардың салтанатты ашылуы барысында мәреге жетеді.
«Үстіміздегі жылғы қыркүйектің 14-15-і күндері Ойындарды ұйымдастыру комитетінің өкілдері Әл-Куәйт қаласына іс-сапармен барып, аталмыш мәселелер бойынша келісімдер жүргізеді», — деп атап өтті С.Құранбек.