"Алланың соты ауыр": Белгілі ақын әнін ұрлап айтқан Төреғали Төреәліні сотқа бермекші - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Алланың соты ауыр": Белгілі ақын әнін ұрлап айтқан Төреғали Төреәліні сотқа бермекші

"Алланың соты ауыр": Белгілі ақын әнін ұрлап айтқан Төреғали Төреәліні сотқа бермекші

Ақын Мұнайдар Баймолда авторлық құқығы бұзылғанын айтып дабыл қақты.

  • 29 Мамыр
  • 102
Фото - Caravan.kz

Ол Facebook желісіндегі парақшасында өзінің «Қазақ жылқылары» әнін ұрлаған Төреғали Төреәліге бірнеше рет ескерту жасағанын айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Оның айтуынша, Төреғали сөзге түсінбейтін адам.

«Қазақтың жылқылары» әнімді Төреғали ұрлап алып, айтып жүр

Құрметті дос-жаран! Менің «Қазақтың жылқылары» өлеңіме жазылған Алтынбек Каресов екеуміздің әнімізге Төреғали Төреәлінің көзі түсіпті! Түскені құрсын, ұрлап алып, сөзін жоқ қылып, оның орнына Қ. Алакөзовке сөз жазғызып алып, бір қожалықтың әні қылып, айтып жүр екен! Тик-токтан бір байқап қалып, ескерту жасадым. Жақсылықпен қоя қой, менің авторлық құқыма қолыңды сұқпа деп! Жоқ, бұл бала сөзді түсінбейтін болып тұр! Ютуб арнасында, өзінің парағында осы ән тұр деп маған жігіттер хабарласып жатыр.

Бұл әнші жігіт Алтынбекке (композиторға) хабарласып, әнді сұрапты. Алтынбек өзінің келісетінін, бірақ Мұнайдар ағамнан рұқсат сұраңыз депті. Ал Төреғали мені адам екен демеген, ағам екен демеген, өзім білемге салыпты. Ал осынысы дұрыс па? Менен сұраған да жоқ. Мен рұқсат бермейтін де едім. Сөзін өзгертпей айтса, онда ойланатын едім. Ол менің сөзімді жоқ қылған ғой. Ән өлеңіме бола туды, соған арнайы жазылды! Бірінші өлең туды, соған менің тапсырысыммен ән жазылды. Сонда бұл әннің авторы кім?

Сотқа берсем ше? Менің әнімді рұқсатымсыз алғаны аздай, онымен өзіне жалған абырой жинап жүр. Мұғалжар жылқысы жайлы әндетіп, біреулерден ақша алып, мейманасы тасып тұрған болар. Осылай менің Қазақтың жылқыларына, яки ұлтымыздың, халқымыздың асыл жануарына арнаған әнімді тапап өтпекші, жоқ қылмақшы!

Сіздермен ақылдасайын деп шештім. Төреғалиды сотқа берейін бе, жоқ па? Оныкі адамдыққа жата ма? Біраздан бері айтылып, тіпті бейнебаян да түсірілген әнді бұлай иемденіп алуына жол беріп қойып отыра берейін бе? Өзім соттасуды жаратпаймын. Бұл бірінші рет!

«Құдайға телефон соққан бала» әңгімемді біреулер ұрлап, фильм түсіріп тастады. Оларды аяп, сотқа бермедім. Ал енді әніме шабуыл жасап отыр. Ашық күнде. Еш ұялмай, қысылмай.

Бұл Төреғали атақты болсам, әумесер болсам, маған бәрі жарасады деп ойлай ма екен?

Төреғали біздің «Қазақтың жылқылары» әнінен «Мұғалжар жылқылары» деген, бір аумақтың, шаруа қожалықтың әнін шығарып алған. Сізге жалпы Қазағымның жылқылары қымбат па, әлде бір ғана Мұғалжар тұқымы ма?

Адамның сотына бермей, Алланың сотына тапсырайын ба? Екіншісі өте ауыр. Ол қияметке кетеді. Менен кешірім сұрап, доғара қойса, мен кешірер едім. Олай істейтін арлы азаматты, ұятты адамды әзірге көрмедім.

Мен әлі аяп отырмын. Түсінер, кешірім сұрар деп. «Ұлы даланың баласымын» деп кеудесін көтеруші еді, қайда сонысы? Ұлы даланың жылқыларына арнаған әнді жоқ қылып, оның орнына бір ғана тұқымды мақтаған, ақша үшін жазылған дүниесін күйттегені ұлтты қорлағандай болды!», — деп жазды әннің авторы.