«Бүгін таңертең сел салдарынан байланыс үзіліп қалған Үлкен Алматы көлі маңындағы «Эдельвейс» демалыс үйінен тікұшақпен 6 адам эвакуацияланды»,- деді М.Жұматаев. Оның айтуынша, Үлкен Алматы көлінің маңында «иелері эвакуацияланған 5 автокөлік, ал «Эдельвейс» демалыс үйінің маңында тағы 2 автокөлік қалып қойды».
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Алматы облысында сел жүру салдарынан 5 көпір істен шықты, алдын-ала ақпаратқа сәйкес адамдар зардап шеккен жоқ. ҚР төтенше жағдайлар министрлігінің ақпаратына сәйкес, сел Алма Арасан шатқалында Құмбелсу өзенінде жүрген. 6-шілде күні 20 сағатта 38 мм-ге жеткен нөсер салдарынан бірнеше толқын сел жүрген. Алдын-ала мәліметке сәйкес, ең жоғары сел ауқымы секуындына 100 текше метрге, 2-ші су электр станциясы маңында секундына 50 текше метрге жетті. Ал Үлкен Алматы өзеніндегі селге тосқауыл қоятын бөгет арқылы секундына 5 текше метрлік сел жүрді.
Сел Құмбел сағасындағы гидробекеттен Көкшоқы аулына дейінгі 5 көпірді бұзып кетті. Қазіргі жағдаймен Көкшоқы ауылына баратын жол жабылды. 7-шілдеде түнгі сағат 1-де «Сарбаз» қонақүй бекетінен «Қазақселден қорғау қызметінің» күшімен 48 адам басқа жаққа көшірілді.
Оқыс оқиға орнында адамдарды іздестіру шаралары жүргізілуде. 3 сағат 15 минутта жұмыстар тоқтатылды. «Қазавиаспас» РМК-ның екі тікұшағы ұшуға дайын тұр.