Алмас Кішкенбаев: «Ата-енем мені туған ұлындай көреді, тіпті кейде ыңғайсызданам...»
![]() |
Өзім туралы. |
Қазақпыз ғой.... жалпы діліміз бар дегендей, осы қазақилықтан асып қайда барамыз? Қанша рейтинг қуамыз деп жанталасқанмен, бойымызға туа біткен салмақтылықтан асып кете алмаймыз. Негізі кез келген нәрселерден, жалпы өмірде, өнерде қоятын бір шектеулерім бар.
Қазақтың қарапайым отбасында туып өстім, араласқан ортам да сондай. Ел қатарлы кәдімгі орта мектепте оқыдым, араласқан дос-жараларым да өзім теңдес, бәлендей асып-тасып бара жатқан ештеңеміз де болған емес. Мектебім шақырса, қазір қуана-қуана барып, ән шырқап беруші едім, өкініштісі, сол білім алған ордам жабылып қапты.»
Ойлап отырсам, мен өзге балалардай ойнап көрмеппін. Кішкене кезімде қит етіп қолым босай қалса қолыма домбыра алып, жанталасып ән жаттайтынмын. Бұл өзімнің таңдауым, өз қалауым болды, жүрегіме, жаныма жақын дүние болды. Анам да құптап, менің таңдауымды қолпаштап отыратын.
Танымалдылық
Байқауларда, т.б. іс-шараларда жетістіктер мені өзгертті деп айтатындар бар. Олай емес. Өзгеріп кеткен ешнәрсем жоқ. Қара басымның қамын ғана ойлап жүрмей, басқа да өнерлі жастарды қолпаштап, екі жобаға продюсер болып жұмыс істеп жатырмын - «Классик» тобы мен Дәулет Болатов жұлдыздар фабрикасына қатысқан жігіт.
Жұлдызым оңынан туған сәтте өте жас болдым, аз-маз «жұлдыз ауруы» белең алған кездер болды, мойындаймын. Ол да бір сын ғой, барлық танымалдылардың басынан өтетін кезең. Экранға жарқырап шыққанда көңілің де жарқырап, тіпті дандайсып кеткен де кездер болды. Сол кезеңде мені «орныма» қойған - Ләйлә Сұлтанқызы. Бір айтарым, шаттанып кеткенде үстіңе аздап «суық су бүркіп» тұратын және өзі де, сөзі де өтімді адамның болғаны пайдалы.
Продюсерлік
Мені танымал еткен үлкен мега жоба және де сол жобада дауыс берген – халық, сол халықтың арқасы. Сондай-ақ мені халық алдына өнерімді көрсетіп жүруге себепкер болған да Ләйла Сұлтанқызы. Ол кісі жұмысын 150 -200 пайызға атқарып шықты деп ойлаймын.
Өзімді әр кезде әрқалай ұстаймын. Өзімнен екі-үш жас кіші жігіттер ғой. Қатал болатын, қаталдыққа мәжбүрлейтін сәттер болады, өйткені қаталдықтан тәртіп, тәртіптен нәтиже шығады. Ал жұмыстан тыс кездері жақын досы, ағасы ретінде биязылық танытуға тырысам. Айта кету керек, продюсерлік – үлкен міндеттерді жүктейді, соның арқасында өзің де дамисың.
Әншілердің барлығы бірдей продюсер болып кеткенін білмейді екем, бірақ көрген-білгенімді, жалпы менімен қалай жұмыс жасады, соны тұжырымдап қана көмек берем.
Отбасым
Келіншегім өте қарапайым. Ең бастысы, менің жұмысыма араласпайды. Үйіме оралғанда миымнан күні бойы айналысқан, бітірген шаруаларымды шығарып, табалдырықтан «мұнтаздай таза» қалпымда аттаймын. Отбасыңда миыңды тынықтырып, рахаттатанып демалғанға не жетсін. Сондықтан келіншегімнің анда-санда «не болды?», «не істедіңдер?» деген сұрақтары жауапсыз қалмаса да, үйімде жұмысымды ойламаймын, тынығамын.
Ең жақын сенімді досым – келіншегім. Екі-үш сенімді адамым бар.
Бұрын өнер жолында танымал болған адамдардың досы болмайтын шығар, ол мүмкін емес деп ойлайтынмын. Сосын қыз бала ер баланың арасында достық болмайды деп те ойлағам. Жоқ, мүмкін екен. Қателесіппін, оған көзім жетті.
Шарықтау адам өмірінде бір-ақ рет болады, оған жеттім деп айтуға аузым бармайды, алда талай міндеттерім, жоспарларым тұр. Егер шарықтауды танымалдылық көрсеткіші тұрғысынан алып қарасақ, онда айтарым, ең бастысы танымал болу ғана емес өз жұмысыңнан ләззат алу.
Қоғамда орын алып жатқан проблемаларға араласқым келмейді, себебі тек өз жұмысыммен ғана айналысам, қолымнан келгенді жасағанды жақсы көремін.
Гастрольдер
Өңірлерге концерттік сапармен барғанда концерт ұйымдастырушыларға қояр талабым - төсек, яғни тынығатын бөлменің ыңғайлығы. Тоңазытқышта виски жоооқ! (күліп жіберді) Қалжыңсыз айтсам, айтарлықтай жағдай талап етпеймін, түсіністікті қарым-қатынас болса да жетіп жатыр.
Жұлдызды ауру
Барлығына кір келтіргім келмейді, бірақ кейде журналистер шектен шығып кетеді, сол себебтен сұхбат берерден бұрын БАҚ өкілдерін «сұрыптауға» мәжбүр болдым.
Күйеу бала болу
Қазақ келінін де, күйеу баласын да жатсындырмай, өзіне баулып, сабырлықпен жайлап үйреткен көргенді, өнегелі халық қой. Ер-азамат болғасын қолыңнан келгенше істейсің ғой, бар шаруаны. Дегенмен келіншегімнің ата-анасы күйеу бала ретінде сынап, мінеп көрген емес, туған ұлындай көреді. Бір жағынан оған өзім ыңғайсызданам, ол рас.
КТК арнасындағы "Япыр-ай" (дүйсенбі-жұма күндері таңғы сағат 07:35-те)
таңғы ойын-сауық бағдарламасына берілген сұхбат.
Материалды өңдеген: Заира Сабитова
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін