Алматы мәслихатының сессиясында әкімдік ескі тұрғын үйлерді қайта жаңарту бағдарламасын ұсынды, оны 2030 жылға дейін аяқтауды көздеп отыр, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Krisha.kz сайтының мәліметінше, жаңа бағдарлама бойынша ескі үй бұзылғанда меншік иесінде пәтерін жаңа пәтерге ауыстыру немесе нарықтағы бағасына қарай ақшалай өтемақы алу мүмкіндігі беріледі. Пәтер айырбастау бұрынғыдай «бөлмені бөлмеге» қағидасы бойынша жүзеге асады. Мысалы, тұрғын санына қарамастан 1 бөлмелі пәтер үшін тек 1 бөлмелі пәтер алуға болады. Бұрын айырбастау мүмкіндігі ғана болған еді.
Реновацияны бюджет қаржыландырады. Реновация бағдарламасын қаржыландыру әкімдікке, нақты айтқанда КҚК-ге (күрделі құрылыс кәсіпорны) ауысады. Жаңа тұрғын үй салу және қоныс аудару қорына пәтер сатып алу үшін қаражат республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінеді.
Жеке инвесторлар тек бағдарлама әкімшісі — «Алматы ӘКК» (Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация) арқылы қатысады. КҚК инвесторларға ескі үйді сатып алу, жаңа үйлер мен сыртқы инженерлік желілерді салу үшін несие береді.
Жаңа бағдарламада барлық ескі үй үш категорияға бөлінген:
Бірінші және екінші категория — инвестиция жасауға болмайтын объектілер.
Бұған апатты жағдайдағы және сейсмологиялық жарықта, қызыл сызықта орналасқан, жер телімінің аз бөлігін алып жатқан үйлер жатады. Жеке құрылыс салушылар мұндай жерлерге қызықпайды, өйткені ол жерге жаңа тұрғын үй кешенін салу мүмкін емес.
Үшінші категория — инвестиция жасауға болатын объектілер.
Жеке құрылыс салушылар тек осы категория бойынша тұрғын үй сала алады. Бірақ жобада қабат пен халық саны сияқты талаптар ескеріліп, қаланың жаңа бас жоспарына сай болуы керек.
Бағдарламаның бұл бөлігі өзгермеді, барлық меншік иесі келісім берсе ғана үй бұзылады.
Ескі тұрғын үй иелерінің құқығын қорғау үшін типтік келісімшарт әзірленген:
- айырбастау,
- меншікке беру,
- сатып алу-сату.
Мүгедектерге арналған шарттар
Бағдарламада әлеуметтік осал және мүмкіндігі шектеулі топтағы тұрғындарға пәтер беру шарттары қарастырылған. Олар бірінші қабаттағы пәтерге немесе жеделсатысы бар үйге көшеді. Кіреберіс табалдырықсыз, кедергісіз болуға тиіс және пандус болуы міндетті.
Тұрғын емес үй-жай иелері не алады?
Жаңа бағдарлама шарттарына сәйкес тұрғын емес үй-жай иелері ақшалай өтемақы (бағалаушылар анықтайды) немесе салынып жатқан жаңа объектіден тең бағалы тұрғын емес үй-жай ала алады. Орналасқан жерін иесі таңдайды.
Бұрын оның орнына пәтер берілетін.
Қандай үйлер бұзылады?
Бұзылатын үйлердің мекенжайын әкімдік анықтайды. Ғимаратты бұзуға сейсмология институтының қорытындысы негіз болады. Үй жер сілкінісіне шыдас бере алмайды және апатты деп танылса, ол реновация бағдарламасына кіреді. Тізім бекітілгенге дейін оны құрылыс жөніндегі мәслихаттың арнайы комиссиясы қарауға тиіс.
Алматыда қанша үй бұзылады
Жаңа бағдарлама бойынша 2026-2030 жылдар аралығында мемлекеттік бюджет есебінен 676-дан кем емес ескі үй, соның ішінде тектоникалық жарықта орналасқан 71 үй бұзылады.
Жаңа пәтерге 7 500-ден астам тұрғын көшеді.
Анықтама ретінде: Қазір Алматыда 14 430 пәтері немесе 43 мың тұрғыны бар 1 366 ескі, жер сілкінісіне төтеп бере алмайтын үй бар. Олар мына аудандарда орналасқан:
- Түрксіб ауданы — 586;
- Бостандық ауданы — 246;
- Жетісу ауданы — 134;
- Алмалы ауданы — 122;
- Алатау ауданы — 102;
- Медеу ауданы — 75;
- Әуезов ауданы — 75;
- Наурызбай ауданы — 26.