Алматы: балалар үйінде тәрбиеленгендер тиесілі баспанасына кіре алмай жүр - kaz.caravan.kz
  • $ 479.23
  • 534.96
+9 °C
Алматы
2024 Жыл
30 Қыркүйек
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматы: балалар үйінде тәрбиеленгендер тиесілі баспанасына кіре алмай жүр

Алматы: балалар үйінде тәрбиеленгендер тиесілі баспанасына кіре алмай жүр

Балалар үйінде тәрбиеленген жастар заңды баспаналарынан айырылып жатыр. Алматының арнайы мектеп-интернатының бірнеше түлегі өздеріне тиесілі үйге қол жеткізе алмай жүр. Заң бойынша, олардың баспанасына тыйым салынып, кәмелеттік жасқа толғанда, үй балаларға қайтарылып берілуі тиіс. Бірақ уақыт өте белгілі болғандай, жетім балаларға тиісті үйлерде белгісіз біреулер тұрып келген. Бұл мәселе белгілі болғанда, соттың шешімі шықса да, біреудің үйін заңсыз басып алғандар баспананы босатуға асығар емес.

  • 30 Маусым 2010
  • 530
Фото - Caravan.kz

Апалы-сіңлілі Александра мен Валентина Нетруненколар 10 жыл бұрын, аналары бала тәрбиелеу құқығынан айырылғаннан кейін осы балалар үйіне түскен. 2004 жылы анасы қайтыс болып, оның үйіне уақытша тыйым салынды. Өйткені үйдің заңды мұрагері осы екі қыз. Кәмелеттік жасқа толғанда балалар үйінде тәрбиеленіп келген қыздар өз баспанасына қол жеткізуге құқылы. Бірақ, үш жыл бұрын 18 жасқа толған Валентина үйіне әлі де қол жеткізе алмай келеді. Өйткені үйді басқа біреулер иемденіп алған.

Александра Нетруненко:
— Біз интернаттан шығып, өз үйімізді жөндеп, сонда тұрамыз деп ойлағанбыз. Бірақ онда бөтен адамдар тұрады, тіпті есігін де ашпай қойды.

Апалы-сіңлілі Нетруненколар осы үйде тұруы тиіс. Бірақ бұл үйде тұрып жатқан белгісіз қожайындар оларды 3 жылдан бері үйдің маңайына да жолатпаған. Бүгін де қыздар үйдің қалай сатылып кеткені жөнінде мардымды жауап ала алмады.

Қазір қыздардың өз балалары өсіп келеді. Олар да туғаннан бері бөтен біреудің шаңырағын паналап жүр.

Даша Соколова:— Мен қазір пәтер жалдап тұрып жатырмын. Ал әпкем мүлдем баспанасыз, қаңғып жүр. Кейде менің үйімде, кейде құрбыларының үйінде түнейді.

Егіздер – Дарья мен Марьяның да жағдайы осындай. Олардың қолында баспананы босату туралы соттың шешімі бар. Ол шыққалы да 3 ай болыпты. Бірақ жеңілген тарап үйді босатуға асығар емес.

Зейнегүл Көшкенбаева, № 8 мектеп-интернаттың әлеуметтік ұстазы:
— Бізге сот кезінде айтқан, оларды үйден шығару үшін 2 ай рұқсат беріледі деп. 2-ші сәуірде сот үкімі орындалу керек еді. Міне, маусым айы, әлі күнге дейін сот үкімі орындалмай жатыр.

Жетім балалардың үйлерін заңсыз жолмен жекешелендіріп алғысы келетіндер көп. Бірақ оларға қамқор болуға дайын адамдар да аз емес көрінеді. Қазір баспанасыз бойжеткендерге интернаттың әлеуметтік ұстаздары мен мейірімді жандар барынша көмектесуде. Бірақ оларға мұндай іс атқару оңай емес.

Александр Шевченко, тәрбиеші:
— 2007 жылдан бері осындай жұмыспен айналысам. Көп жағдайда халыққа қызмет көрсету орталықтары құжаттарымызды қабылдамайды, Әділет басқармасы «баспана тіркелген, соттың шешімі керек емес» дей тұра, құжаттарды кері қайтарады. Тіпті қоқан-лоққы көрсететіндер де бар.

Құзырлы органдар біздің сұрақтарымызға жауап беруден бас тартты. Олар жауапкершілікті бір-біріне сілтеген соң, тыйым салынған үйлердің қалайша жекеменшікке өтіп кеткені де белгісіз күйінде қалып отыр. Дегенмен балалар үйінің түлектері мен олардың ұстаздары «жағдайды шешуге тырысамыз» дейді.