Жарияланды: 590

Алматы: электромобиль қағып, денсаулығы оңалмаған 4 жасар қыздың ата-анасы Елбасына хат жазды

Алматы саябағында электромобильден зардап шеккен төрт жасар Лилия Сметанинаның денсаулығы әлі мәз емес. Естеріңізде болса, 1  мамыр күні әжесімен саябақта қыдырып жүрген төрт жасар Лилияны ресейлік консул электромобильмен қағып кеткен. Қазір қыздың ата-анасы еш жерден көмек ала алмай отыр. Амалы таусылған олар Президентке хат жазыпты.

Ольга Сметанина, Лилияның анасы:

- Қайсысына барсақ та көмектесеміз деп жылы шығарып салады. Бірақ ешқандай әрекет жоқ. Консулдықтан да әзірге қайыр болмай тұр, полициядан да жарытып жауап алмадық. Әбден титықтаған соң кешеЕлбасына хат жаздық. Енді соның ресми жауабын күтіп отырмыз.

Осы уақыт аралығында төрт жасар Лилияға бір рет операция жасалды. Дәрігерлер оның көкбауырын алып тастады. Одан бөлек,қыздың миы шайқалып, өкпесіне су жиналып, екі аяғы бірдей сынған. Қазір Лилияны ата-анасы №7қалалық емханаға көрсетіп жүр. Аяғы тас гипске таңылған кішкентай бүлдіршіннің шырқыраған жан дауысы сәт сайын шығады. Осылайша дәрігер алдына күнде келіп,жарасын қайта таңып тексеріліп тұру ата-анасы үшін де оңай болмай тұр. Ал бұл жағдайға себепші болған Ресей консулдығының қызметкері Андрей Мамаев көмек берудің орнына,“менің еш кінәм жоқ” деп басын алып қашуда. Лилия Сметанинаның адвокатына да жергілікті құқық қорғау органдары “тергеу әлі жүріп жатыр” деп ешбір құжатпен танысуға мүмкіндік берер емес. Дегенмен тергеу амалдарынан кейін Мамаевтың үстінен «қылмыстық іс қозғалады»дейді полиция қызметкерлері. 

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД Баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Сот медициналық сараптамасы тағайындалды, нәтижесі бірнеше күннен кейін белгілі болады, іс сотқа жіберілетін болады.  Мамаевтың жасаған іс әрекеті Қылмыстық кодекстің 111 бабы бойынша сараланып келеді, яғни бұл қылмыстық іс болып табылады. Жасаған қылмысы үшін ол қатаң жауапқа тартылады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін