Қаскелеңнің қапталынан тұрғызылған тұрғын үй кешені бір сөзбен айтқанда «сырты бүтін, іші түтін». Былтыр қыс бойы қатып шыққан 17 көпқабатты үйдегі сынап бағалары биыл да 10 градустан әрі көтерілер емес. “Алтын ауыл” аталатын аумақтың тұрғындары мегаполистің жанында расында ауылдың күйін кештік деп наразы. Шәмшия әжей де сол немерелерін оқуға жіберіп қас қарайғанша үйді жылытудың қамымен жүреді. Бірақ одан оқсайтыны шамалы.
Шәмшия Қабылова, “Алтын ауыл” кешенінің тұрғыны:
—Түнде жатқанда басымызға орамал орамай жатсақ басымыз қатып қалады. Орамал орап жемпір киіп жатамыз қалың киініп.
Қатарынан қос қыста қарашаны қатырып тастаған шенеуніктер жаппай жұртқа арнайы жылу насосын алуды тапсырған. Ағайын күрең күзде сақадай сай отырыпты. Бірақ қондырғыны қондырған үйлер ғана жылиды екен, яки қалған қарапайым пәтерлердің жылуы соларға кетеді. Аяғында ағайын қырық пышақ болып тыныпты.
Сейсенбек Әбенбаев, “Алтын ауыл” кешенінің тұрғыны:
— Менің астымдағы 6-шы қабаттағы 3 бөлмелі үйдегі тұрғын насос алып қойған күні менің үйімдегі жылу мүлдем кетіп қалды. Ертесіне мен алып, мен де қойдым. Басқа бүкіл подьездегі үйлердікі кетіп қалды.
Пәтерлердің қалыпты жылуы 18 бен 21 градустың айналасында болу керек. Бірақ айтуын айтқанмен тұрғын үй кооперативінің басшысы қолдан келер қайран жоқ деп қол қусырып отыр. Келесі жылға дейін мұрсат сұрады мұқым елден.
Бекзат Әшімов, “Қарасай Тұрғын Құрылысы” ЖШС төрағасы:
— Көктемде барлығын қалпына келтіруге тырысамыз, қазір қыс ортасында ештеңе істей алмаймыз. Бұл біздің кінәміз емес, барлығы осы тұрғын үйлерді тұрғызған компанияның қателігі. Олар құбырларды дұрыс жүргізбеген.
Қыстың көзі қырауда қатып қалған Қаскелеңнің қапталындағы “Алтын ауыл” тұрғын үй кешенінің тұрғындарына жауаптылардың осылайша басу айтқаны болмаса, басы бүтін мәселелерін шешіп бермепті әлі. Екінші жыл қатарынан үскірік аязда үйлерін жылыта алмаған ағайын қандай амал қылып, қайда барып арызданарларын білмей дал. Өйткені 17 көпқабатты үйдің жайлылығына басымен жауап беруі тиіс басшылар жауапкершілікті бірінен біріне сілтеп, “сен саларда мен салар, атқа шөпті кім салардың” керін келтіріп әлек.