Алматы қалалық ІІББ-ның бастығы Молдияр Оразалиевтің айтуынша, жаңа бөлімше ҚР ІІМ мен Алматы қалалық әкімшілігінің талабына сәйкес ашылып отыр. «Шетел азаматы немесе басқа қалалардан келген тұрғындар Алматыда ешбір қиындықсыз тіркеуден өтуі үшін» бөлімшеде барлық жағдай жасалған.
Бұған дейін Медеу аудандық ІІБ көші-қон полициясы бөлімшесінде дәл осындай пункт ашылған болатын. М.Оразалиевтің айтуынша, алдағы уақытта азаматтарды тіркеу бөлімшелері қаладағы екі темір жол бекеті мен әуежайда, сондай-ақ, ірі мейманханаларда да ашылады. Алматы қалалық ІІББ-ның бастығы бұл жасалып жатқан шаралар шетел азаматтары арасындағы заң бұзушылықтың алдын алу және оларға жол бермеуге түрткі болады дегенге сенім білдірді .
М.Оразалиевтің айтуынша, 2005-жыл басынан бері көші-қон полициясының қызметкерлері Қазақстан аумағы арқылы өтетін үш бірдей заңсыз көші-қон желісінің бетін ашты. Мәселен, 2005-жылдың қаңтарында Алматыда 23 Пәкістан азаматы ұсталды. Тергеу барысында олардың Қырғызстан мен еліміздің бірқатар аудандарынан келгені және Ресей арқылы Батыс Еуропаға бет алғаны анықталды. Бұл арналардың үшеуін де Пәкістан тумасы болып табылатын Украина азаматы ұйымдастырған. Мигранттарды заңсыз өткізіп жіберу ісіне Украина, Ресей, Қазақстан және Пәкістан азаматтары тартылған.
Жалпы алғанда 2005-жылдың бірінші тоқсанында алыс шетелдерден келген 509 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 60 шетел азаматы ел аумағынан қудаланды.
Көші-қон полициясының мәліметі бойынша, Алматыға келіп жатқан шетелдік азаматтар ағыны арта түсуде. Қазіргі жағдаймен қалалық ІІББ-ында 28,8 мың шетел азаматтары тіркелген, олардың 8,5 мыңы — алыс шетелдерден келгендер.