Бұл туралы Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры Карл Байпақов мәлім етті.
«Этнопарк салу мәселесі шешілді. Бірақ оны қаржыландыру қажет. Инвестор, қаражат қажет. Идея, жоба жүзеге асырылып жатыр. Этнопарк жақын арада бой көтереді деп ойлаймын. Тиісті инфрақұрылымы, көңіл көтеретін орындары бар заманауи археологиялық саябаққа балалармен бірге баруға болады. Жалпы, әлемде мұндай мұражай көп. Біз де осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз», — деді К.Байпақов бейсенбі күні І Алматы халықаралық мәдени форумында журналистерге.
Ғалымның айтуынша, Боралдай сақ қорғандары орналасқан жерлер қалалық мұражайдың қарамағына өткен.
«Қорған аумағы өте үлкен, 200 гектар, тіпті одан да көп болуы мүмкін. Қазір болашақ этнобақ аумағы қоршалған», — деп атап өтті ол.
Боралдай қорғандары сақ дәуіріне жататын 47 үлкен қорғаннан құралған. Бүгінгі күнге дейін таза қалпында сақталған қорғандардың кейбірінің диаметрі 80-150 м, биіктігі 10-14 м.