—Олимпиада өткізу кез-келген мемлекет үшін абыройлы іс. Бірақ оған қаржы тым көп жұмсалуы керек болатынын осы іске ниеттенгендердің көбі ерте түсініп, өз еркімен бас тартты. Ал Алматы қанша қаржы болса да табуға дайын сияқты. Енді оның жалғыз ғана бәсекелесі қалды. Себебі Норвегияның басқарушы партиясы кеше олимпиаданы Ослода ұйымдастыруға қаржылай көмек көрсете алмайтынын мәлімдеді.
Ал еліміздің олимпиада комитеті осындай жоғары дәрежедегі доданы ұйымдастыру ел беделін көтеріп қоймай, пайдасы да мол деген пікірде.
Алматы үшін алдағы олимпиада табысты болуы да мүмкін. Ал 2004 жылы осындай шара Грекияны экономикалық дағдарысқа түсірген еді. Ел бюджеті бірден 12 млрд долларға ортайып қалды. Ағылшындар болса, 2 жыл бұрынғы олимпиаданың шығынын әлі күнге дейін есептеуде. Лондон ол кезде 15 млрд доллар жұмсаған екен. 2008 жылы өзгелердің алдын ораған Қытай Бейжің олимпиадасын өткізгені үшін 40 млрд долларға шығындалған еді. Ал ең қымбат олимпиаданы өткен ақпан айында Ресей ұйымдастырды. Сочидегі қысқы ойындардың құны 51 млрд доллар.
Сонау тарихқа көз жүгіртсек, 76-шы жылы Монреалда дүбірлі дода ұйымдастырған канадалықтар осы шаралардан соң ес жиюына 30 жыл қажет болған. Әлем бойынша қараусыз қалған олимпиада нысандарының тізімі де ұзақ. Мысалы, Афинадағы бейсбол стадионы мен спорт аренасының қазіргі күйі осы. Бейжіңдегі жағдай да жақсы емес. Олимпиададан соң волейбол аренасы мүлдем жарамсыз боп қалса, әйгілі «Құс ұясына» жұрт қазір мүлдем аяқ баспайды. Ал біздегі ұйымдастыру комитеті 2011 жылғы Азиададан соң бірде бір нысан қараусыз қалмады, олимпиададан кейін де бұл жағдай өзгермейді деп сендіруде.
Десе де Алматының XXIV қысқы олимпиаданы қабылдауға барлық мүмкіндіктері бар. Себебі Алатау бөктеріндегі шаһар бір қала шеңберінде доданы ұйымдастыра алатын жалғыз үміткер. Оның үстіне 2017 жылы өтетін Универсиада оңтүстік астана үшін нағыз сынақ болмақ. Сол кезде біраз нысан пайдалануға берілгелі отыр. Яғни жарыс өтетін арнеалар дайын деген сөз. Сонымен, 2022 жылы қысқы ойындарды қай қаланың қабылдайтыны келесі жылы Малайзияда белгілі болмақ. Әрине оған дейін екі үміткердің бірі өз еркімен тартыстан бас тартпаса.