Алматы метросы 1 жылдық мерейтойын атап өтуде - kaz.caravan.kz
  • $ 474.83
  • 515.38
+22 °C
Алматы
2024 Жыл
27 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматы метросы 1 жылдық мерейтойын атап өтуде

Алматы метросы 1 жылдық мерейтойын атап өтуде

Алматы метросы 1 жылдық мерейтойын атап өтуде. Соған орай бүгін жер асты жолында 2 мыңдай адамның қатысуымен арнайы шара ұйымдастырылды. Жалпы осы бір жыл ішінде метрополитен 6 млн жолаушыға қызмет көрсеткен екен. Келер жылы бұл көрсеткіш әлдеқайда көбейері анық. Өйткені жер асты көлігінің қосымша екі станциясының құрылысы аяқталғалы отыр.

  • 28 Қараша 2012
  • 453
Фото - Caravan.kz

Халық саны 1 миллионнан асып жығылған кез келген Кеңес Одағындағы қалада метро салу жұмысы атқарылып келген. 80-жылдары Минск, Киев тіпті Ташкентте тиісті жұмыстар аяқталса, Алматыдағы құрылыс сол кезде басталғанымен 20 жылға созылып, былтыр ғана қолданысқа берілді. Қазіргі уақытта 20 мыңға жуық алматылық күнделікті жер асты қоғамдық көлігін пайдалануды әдетке айналдырған.

1-ші желтоқсанда 1 жылдық мерейтойын атап өтетін метрода бүгін арнайы шара өткізілді. 2 мыңнан астам студент пен оқушы қол жеткізген жетістікті еліміздің әнұранын орындау арқылы танытуды мақсат еткен.

Жалпы қолданысқа берілген күннен бастап 6 миллионға жуық жолаушы метро қызметін пайдаланыпты. Дегенмен қазіргі таңда алматылықтардың басым көпшілігіне жер асты көлігін пайдалану тиімсіз болып отыр.

Аманжол Құрманбай, Алматы қаласының тұрғыны:

Негізінде асыққан кезде метроны пайдаланған жақсы. Көбінесе ары-бері жүргенімен қатар, метроның пайдасы көп. Тағы созу керек қой, көп жерлерге метро бара бермейді. Сосын көп күтесің келуін, соның уақытын тездетсе екен.

Бұл олқылықтарды жою үшін 2013 жылдың соңына дейін тағы екі станция құрылысын аяқтау жоспарлануда. «Сайран» мен «Мәскеу» бекеттері тұрғындар көп шоғырланған аудандарға дейін созылып, жолаушылар қатары көбеймек.


Қыдырал Бегасылов, «Метрополитен» МКК директоры:

Қазір күніне 20-21 мың адам біздің метроны пайдаланады. Қосымша станция салуды ендігі жылдың аяғына мөлшерлеп отырмыз. «Мәскеу» станциясы ықшамаудандардың шетіне дейін барады. Сол үшін біз ойлап отырмыз адамдардың саны 2-3 есе көбееді деп.

Бұл өз кезегінде бір жылда жұмсалған 2 млрд 80 млн теңгені құрайтын шығынды өтеуге септігін тигізбек. Сонымен қатар қосымша пайда табу үшін метрода жарнама да жарияланады деген шешім қабылданды. Ал ұялы байланысқа қауіпсіздік шараларына байланысты шектеу қойылған. Айта кетерлігі еліміздегі метро құрылысы уақыт жағынан ең ұзаққа созылған. 23 жылда тек 8 жарым шақырымдық жер асты жолының құрылысы аяқталды. Қазір 7 станция жұмыс толығымен қолданысқа берілген.