Жарияланды: 410

Алматы метросының шығыны кірісінен бірнеше есе көп

Алматы метросы өз-өзін ақтамайды. Бір жылдық қорытынды есеп берген «Метрополитен» басшылығы жерасты көлігінің шығынды екендігін жеткізді. Жұрт бұл көлік түрін көп пайдаланбайтын болғандықтан кіріске қарағанда шығын басым екен.

Қыдырал Бегасылов, «Метрополитен» МКК директоры:

- Шығын мен кірісті жақындату үшін біз билеттің бағасын көтеруіміз керек. Алматы қаласының тұрғындары бар, өзге адамдар бар. Олар біздің қойған бағаны көтере алмайды.

Күнделікті алып шаһар үшін небәрі 20 мыңға жуық адамды тасымалдау метроға аздық ететін көрінеді. Ал жолақасын көтерсе тұрғындардың қалтасы көтере алмайды екен. Оның үстіне, алматылықтардың басым көпшілігіне ұзақтығы шағын болғандықтан жер асты көлігін пайдалану тиімсіз болып отыр. Бұл олқылықтарды жою үшін қосымша екі станция құрылысы да басталған еді. Бірақ жоспарланған уақыт тағы бір жылға шегеріліп, «Сайран» мен «Мәскеу» бекеттері тек 2014 жылы қолданысқа берілмек. Ал қосымша пайда табу үшін сәуір айынан бастап метрода жарнама жарияланбақ. Жалпы Алматы метросына былтыр қала бюджетінен 2 млрд 80 млн теңге бөлініпті.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін