Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, бір отбасының үш адамы бірдей кісі қолынан қаза табу оқиғасы Алматы облысы Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылында 29-ақпанда болған. 35 жастағы Лариса Баймлер мен оның 16 және 14 жастағы бір ұл, бір қызының өлі денесі өз үйлерінен табылған. Олардың үшеуі де байлаулы әрі бауыздалған күйде табылды. Сонымен бірге олардың әрбіреуінің денесінен сарапшылар 8-10 пышақ жарақатын анықтады.
Бұл қылмысты тексеріп әшкерелеу барысын ҚР ІІМ төтенше бақылауға алған.
Кісі өлтіру оқиғасынан кейін төрт күн өтпей полиция төрт күдіктіні қолға түсірді. Олардың барлығы да ең үлкені 63 жаста, ең кішісі 28 жастағы аталмыш ауыл тұрғындары болып шықты. Тұтқындар бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған.
Баспасөз қызметінің ақпаратына жүгінсек, күдіктілердің барлығы да қылмысты мойындаған, алайда, тергеу мүддесіне сәйкес, қылмысқа түрткі болған себеп әзірге жарияланбай отыр.