Алматы облысы: Ақжар ауылы сусыз отыр - kaz.caravan.kz
  • $ 444.32
  • 473.33
+12 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматы облысы: Ақжар ауылы сусыз отыр

Алматы облысы: Ақжар ауылы сусыз отыр

Алматы облысында тұтас ауыл сусыз отыр. Көктем келісімен судан қағылатын ақжарлықтар дағдыға айналған шөлді кезеңнің себебін түсінбей дал. Бармаған жерлері жоқ, бірақ атқамінерлердің жағдай әне-міне түзеледі дегелі  екі жылға жуықтапты. Қағаз жүзінде 200 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді делінгенімен, ел суды амалсыз арықтан алады. Тұрғындар жұқпалы аурулар ауруханасына да жиі түседі екен.

  • 28 Маусым 2011
  • 606
Фото - Caravan.kz

Ақжардағы ақжарқын ағайынның аузы аққа тиісімен қара судан қағылатын қағидаты бар.  Екі жыл көлемінде көлеңкені көлбеп, айтқанға көніп келген көнбіс ел кезекті шөлді маусымға кірді. Бірақ наразылық білдірді. Жауаптылардың «әнесі»мен «мінесіне» әбден тойған жұрт жұтынып отырғанша, жұмылып жұдырық боп,естіп-білген есінде сақтайтын қарсылық танытпақ.

Алма Садықова, Ақжар ауылының тұрғыны:

Суымызды берсін, бермейтін болса,жолды да,трассаны да жабамыз. Ақжар мен Шұғыла бәрі қосылады. Жаздың жалпағында су жоқ. Суды қаладан бөтелкемен әкелеміз, жуына алмай жүрміз.

Судың да сұрауы бар, соны сұрап іше алмай отырған елдің назын назарға ілмек бар. Негізі Ақжарға тіршілік нәрі тау басынан тартылмақ болған. Табаны күректей үш жыл бұрын қомақты қаржы жиналып, әр аулаға арнайы құдық қазылған. Бірақ сол теңгеге келген техника қақсып әлі тұр. Кейбірі пайдаға аспайды,енді. Қалаға қара су үшін қатынайтын елдің қабағы қату.  

Ұлар Кәрімбаева, Ақжар ауылының тұрғыны:

—  Әбден судан қорлық көрдім.  Не машинам да жоқ, мотоциклім де жоқ. Қартайған шағымызда суды қайдан тасимыз?!

Қайсы аулаға бас сұқсаң да бөтелкеден көз сүрінеді. Бұл — елдің ауылдағы жалғыз арықтан әкелетін суы. Бос құтылар кезегін күтеді. Үй-ішіндегі тұрмыстық жарақтар да жарамсыз. Шөлдеген ел арық жаққа атанады, лай болса да су деген аты бар сұйықтық үшін.

«Ағынды судың арамдығы жоқ»деген ақжарлықтар амалы таусылғанда осы арыққа келеді,алқынып. Қаталағанда қайда барарларын білмей сабылған жұрттың жалғыз алданышы осы лас су. Ел ауру-сырқауға мән бермейді, сырқат сылтау емес- су жоқ.


Арықтағы су арам болмағанмен,адалдығы аз. Соңғы айда 10-нан астам бала жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдаған. Бірақ осы өңірдегі судың Сүлеймені елдің шөлін әзір қандырмақ емес. Қазіргі құбырлар 1969 жылы салынған және  екі мың тұтынушыға деп есептеліпті. Айтпақшы әкімдіктің әжетханасы да судан әжептәуір қиналған. 

Әміржан Маханбеталиев, Қарасай ауданы әкімдігі “Таусамалы” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры:

Жұмыс жасалды, бірақ жобалау кезінде дұрыс мағлұмат берілмеген. Су құбыры 1969 жылы салығанда мың жарым екі мың тұрғын үй болады деген. 1969 жылдан бері 7-8 есе өсті.  Өзімде осында көшіп келдім. Өзімде сусыз отырамын,апталап. 

 Байтал түгіл бас қайғы болған бастық 42 жыл бұрын құбыр салғандарды іреп салды. Бірақ аңқасы кепкен Ақжар ауылы қара суға қашан қарқ боларын айта алмады. Қағаздағы жүздеген миллион қаржының қайда құрығаны да құпия.

Соңғы жаңалықтар