Алматы облысы: Байсеркеде 360 көпбалалы ана тиесілі жерге қол жеткізе алмай жүр - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+11 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматы облысы: Байсеркеде 360 көпбалалы ана  тиесілі жерге қол жеткізе алмай жүр

Алматы облысы: Байсеркеде 360 көпбалалы ана тиесілі жерге қол жеткізе алмай жүр

Алматы іргесіндегі Байсерке ауылында көпбалалы аналар шу көтерді. Жергілікті әкімдік алдына жиналғандар заң бойынша тиесілі жер телімдерін беруді талап етті. Олардың айтуларынша, жеңілдікпен жер алушылар алды осыдан 6-7 жыл бұрын тіркелген. Алайда “келесі айы” бітпейтін әкімдік тиесілі жерді күні-бүгінге дейін бермеген.

  • 2 Шiлде 2011
  • 632
Фото - Caravan.kz

Сейсенбі мен жұма — байсеркелік көпбалалы аналардың әкімдік алдын торуылдайтын  күндері.  Тек осы  күндері ғана әкімнің қабылдауына кіруге болады. Алайда “есігі ашық тұр” дегені болмаса, басшыны орнынан таппайсыз.  Алты жылдан бері әкімнен жер сұрап, әбден табаны тозғандардың бірі — Гүлжан. 29 жасында  бес баланың анасы атанған ол әлі күнге дейін туыстарын паналап жүр.

Гүлжан Ержанова, көпбалалы ана:

— Алғаш өтініш білдіргенімде қабылдамай қойды. Бірақ тізімде тұрғаныма 6 жыл болды. Үкіметтен балаларыма алатын 12 мың теңге жәрдемақы мен кіші баланың жөргекақысына ғана өмір сүріп келемін. Ол ақшаға жер аламын ба,  тамақ аламын ба? Маған жер берсін!

Бейсей Төкен, көпбалалы ана:

Жер  бұйырмай келе жатқанына көп болды. Екі балам үйсіз-күйсіз жүр. Осында күнде келеміз, бір көмек болар ма деп. Назар аударып жатқан ешкім жоқ.

Ал онсыз да әкімнің қабылдауына кіре алмай,мазасы қашқан халыққа кей   тұрғындар ақыл айтамын деп, жиынның арты айқай-шуға ұласты.


Кімсің өзің? Қашан келсең, сен тұрасың, сумаңдап, кім сенен ақыл сұрады?!

Ашуға булыққан жұртқа жауап бермей құтылмасын түсінді ме, әкімнің орынбасары көпшілікті қабылдауына кіргізді. Бірақ айтары қысқа екен.

Ержан Әлиақпаров, Байсерке ауылдық округі әкімінің орынбасары:

— Бұл адамдардың барлығының жағдайымен таныспыз. Мысалы, Гүлжан Ержановаға алдағы айда жер беріледі.  Шешім шығып қойған. Қалғандары да солай.

Байсерке ауылдық округінде жер кезегін күтіп тұрған 3600 адам бар екен. Соның 360-сы көпбалалы аналар.  Жылына тек  екі-үшеуіне ғана жер беріледі екен.     

Басшылықтың сөзіне сенсек, көпбалалы аналардың алды бір айдан кейін тиесілі жер телімдеріне ие болмақ. Бірақ, алты жыл сарғайып кезекте тұрған аналар оған сенгісі жоқ. Уәденің орындалар-орындалмасы алған уақытта белгілі болмақ.

Соңғы жаңалықтар