Алматы облысы: Үшқоңырда жерге қатысты дау шықты - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматы облысы: Үшқоңырда  жерге қатысты  дау шықты

Алматы облысы: Үшқоңырда жерге қатысты дау шықты

Алматы облысындағы Үшқоңыр елдімекенінде жер дауы ушықты;  46 отбасы бүгін наразылық білдірді. Олар осыдан 10 жыл бұрын ауылдағы ескі балабақша ғимаратын жерімен бірге заңды жолмен жекеменшікке   өткізіп алған. Алайда соңғы уақытта әкімдік өкілдері тұрғындардың келісімінсіз балабақша аумағындағы жерді бірнеше адамға сатып жіберген. “Соның салдарынан қора-қопысымыздан айырылдық”,- дейді ашынған топ. Барлығын бұрынғы әкімдердің шалағай ісіне балайтын қазіргі басшылық бұл тұста қауқарсыздық танытып отыр. Жері тарылған тұрғындардың қиындығы тек бұнымен ғана шектелмейтін көрінеді.

  • 21 Маусым 2011
  • 893
Фото - Caravan.kz

Осыдан 10 жыл бұрын жергілікті басшылықтың ұйғарымымен  екі қабатты балабақша түгел аумағымен бірге заңды түрде үшқоңырлық 46 отбасының жекеменшігіне өткізілген. Алайда бірер жылдан бері ондағы жер телімдері ақырындап, 7 сотықтан өзгелерге сатылып жатыр. Тіпті жаңа қожайындардың алды балабақша ауласына шатыры жабылған бірнеше үлкен үй тұрғызып та үлгерген.

Лала Нитулаева, тұрғын:

— Әкімге барып айтсаң,..  құдай-ау, қалталары ақшаға толса болды, барлығын сатып-сатып жіберді. Біз де барғалы үш әкім ауысты. Бір адам бізге көмек беріп жатқан жоқ. Барлығымызға негізі  екі сотық жерден бөлінді деп айтылған, бірақ қараңыздаршы, енді көмір қоятын да жеріміз қалмады.

Ал балабақша жерінің жаңа қожайындары: “Бұл жерді басып алған жоқпыз, әкімшіліктің ұйғарымымен сатып алдық”  — дейді.

Мұрат Ахметов, балабақша жерінің жаңа қожайыны:

— Бұл жерді осы жылдың қаңтар айында сатып алдым. Қазір үйімнің қабырғасын да тұрғызып қойдық. Сондықтан өз мүлкімді тартып алуға жол бермеймін. Керек болса, сотқа шығым түсірсін. Бірақ соттың өзі оны қайтарып ала алмайды.

Ауланың тарлығы аздай,  Үшқоңыр ауылына жүргізілген газ құбырлары да тұрғындарды әбігерге салуда. Өйткені бұрынғы балабақша көшесіне кіретін жол өткелі ескерусіз қалдырылып, құбыр тікесінен тартылып кеткен. Соның салдарынан жеделжәрдем, өрт сөндіру, сондай-ақ қысты күні көмір жеткізетін үлкен көліктердің аулаға кіруі қиын. Сондай бір төтенше  оқиғаның  салдарынан   Сандуғаш Тұрпанованың үйі  түгі қалмай  өртеніп кетіпті.


Сандуғаш Тұрапова, балабақша тұрғыны:

— Мына арканың жоқтығынан 2006 жылы менің үйім өртеніп кетті. Көлік кірместен,бір-екі адам келіп, су шашып-шашып кетіп қалды.

 Көліктің өтуіне кедергі болып тұрғын бұл аспалы құбыр мәселесін басшылық өкілдері ары ұзаса,бір айдың ішінде реттеп беруге уәде етті. Ал жер мәселесін “әзірге қалай боларын білмейміз” деген бір сөзбен түйіндеді.

Мақсұт Жапаров, Үшқоңыр ауылдық аймағы әкімінің орынбасары:

— Ол жағын білмеймін, қайта қарап шығу қажет. Қолдан келсе, реттеп береміз. Алдымен сіздердің қолдарыңыздағы құжаттарды тексереміз.

Бұл тұрғындарды қинап тұрған тағы бір мәселе: аулаға жиналған қоқыс.  Айтуларынша, өткелдің жоқтығынан арнайы көлік те  оны алып кетуден бас тартқан. Ал жерді қоршап алған жаңа көршілер қоқыс тиелген бір арбаның өтеуі үшін әр үйден 5 мың теңгеден сұрайды екен. 

Ескі балабақша тұрғындары үшін бұл жер — әжетхана, қоқыс төгетін, балалар ойнайтын жер. Алайда соңғы уақытта пайда болған жаңа қожайындар бұның барлығын ары алып кетуді талап етуде. Бірақ тұрғындар оларды ауыстыратын өзге жерлерінің жоғын айтып, жергілікті басшылардан көмек сұрауда.

Соңғы жаңалықтар