Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Жобаны іске асыруға қажетті құрылыс жұмыстары басталып кетті. Мәселен, Жамбыл ауданында 800 қауіпсіздік камерасы орнатылып, Талғар ауданында нысандарды орнату бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Магистральды талшықты-оптикалық байланыс желісін төсеу және бүкіл кешенді жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған дайындық шаралары қолға алынды. Жобаны толық аяқтау алты айға жоспарланған. Жол кешендерін орнату нүктелерін Алматы облысының полиция департаменті анықтайтын болады.
— Біз «Сергек» жобасы қауіпсіздік деңгейін айтарлықтай арттырады деп сенеміз. Алматы облысында цифрлық трансформация белсенді түрде жүзеге асырылуда. Жылдың алғашқы жартысында цифрландыру саласында 14,8 миллиард теңге көлемінде қызмет көрсетіліп, (бұл 124,6% өсімді көрсетті) 300-ден астам IT маман даярланып, инновациялық «Alatau Hub» орталығы ашылды, оқушылар арасында IT жобалар байқауы ұйымдастырылып, мемлекеттік қызметкерлерге оқу-ағарту шаралары өткізілді. Мектептерде өрт туралы хабарлайтын жүйелер мен «Smart Qonaev» қосымшасы енгізілді. Біз инновациялық технологияларды одан әрі дамыту бағытында жұмыс істеудеміз, — деді Алматы облысының цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Жандос Сабит.
Жоба аясында Алматы облысының әр ауданында Жедел басқару орталығы (ЖБО) құрылатын болады. ЖБО бүкіл бейнебақылау жүйесінің жұмысын үйлестіріп, камералардан ақпарат жинау және өңдеуді жүзеге асырады. Сонымен қатар төтенше жағдайлар мен құқықбұзушылықтар кезінде құқық қорғау органдарының іс-қимылын үйлестіруге мүмкіндік береді.
Айта кету керек, «Сергек» қауіпсіздік жүйесі инфрақызыл стробоскоптардың көмегімен кез келген ауа райы жағдайында және тәуліктің кез келген уақытында жұмыс істей алады. Сонымен қатар, жүйе адамдардың бет әлпетін танып, қылмыскерлерді, тәртіп бұзушыларды немесе жоғалған адамдарды табуға ықпал ете отырып, қоғамдық орындарда адамдардың көп жиналуын анықтап, қоғамдық іс-шараларда қауіп-қатерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Жүйе жасанды интеллекттің (AI) көмегімен көліктің маркасын, моделін, түсін және түрін автоматты түрде анықтай алады.
Sergek Group компаниясының бас директоры Евгений Ким Алматы облысындағы жүйені іске қосу компания үшін маңызды міндет екенін атап өтті.
— Табиғи-климаттық жағдайлар мен ландшафттың алуан түрлілігі аймақты туристер үшін тартымды етеді: биыл облысқа 1,6 миллион адам келген. Дегенмен, жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітім деңгейі маңызды мәселе болып қалып отыр. Біздің мақсатымыз — озық технологияларды пайдаланып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Алматы облысын Smart City жүйесін енгізу бойынша көшбасшы аймақтардың қатарына қосу», — деді Sergek Group басшысы.
Сондай-ақ, жоба аясында облыстың полиция қызметкерлеріне «Sergek Qorgau» мобильді қосымшасына арналған 1000 жұмыс лицензиясы, заманауи жетілдірілген камералар және радарлармен жабдықталған 10 «Sergek Patrol» кешені берілетінін және көлік ағындарын талдау, бақылау және болжауға арналған «Sergek ITS» интеллектуалды көлік жүйесі енгізілетінін атап өтті.
«Сергек» жүйесі енгізілген аймақтарда қоғамдық орындардағы қылмыс деңгейі 40%-ға, ал жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітім 50%-ға төмендеген.