Бұл туралы Baq.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жантүршігерлік оқиға желтоқсанның 19-ынан 20-сына қараған түні Іле ауданы, Өтеген батыр ауылындағы жатақханада болған. Осында 1971 жылы туған әйел бір қыз және бір ұлымен тұрып келген. Кеше 19 желтоқсан — әйелдің туған күні болған. Түнге қарай оның осы аудандағы Байсерке ауылында тұратын бұрынғы күйеуі келген. Көршілері түнгі сағат екі шамасында әйелдің есігі алдында қолында канистрасы бар ер адам тұрғанын көрген. Біраз уақыттан соң бөлмеден өрт шыққан.
Мәліметтер бойынша, ер адам бензинді өзінің үстіне шашып, сосын от қойған. Әйел басында қашып шыққан. Бірақ іштегілерді құтқару үшін қайтадан жүгіріп кірген. Ол 1999 жылы туған қызын алып шыққан. Өрт салдарынан ер адамның өзі және оның 2005 жылы туған ұлы сол жерде қайтыс болды. Денесінің басым бөлігі күйген қыз ауруханаға жеткізілген. Бірақ ол да бүгін түстен кейін есін жимаған күйі қайтыс болды.
Алматы облыстық ІІД ресми өкілі Көбей Нұрахмет қайғылы оқиға болғанын растады. Ол аталған оқиға бойынша Іле аудандық ішкі істер басқармасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99 бап, 2 тармағы («Адам өлтіру») бойынша қылмыстық тергеу бастағанын және бұл іс Алматы облыстық ІІД Тергеу басқармасы бақылауға алғанын хабарлады.