Бұл жайында облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Sn.kz.
2016 жылдың 29 қарашасында алғашқы сот инстанциясының үкімімен Сүлейманов пен Оңалбаев аса ауыр қылмыс жасағаны үшін Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айыпты деп танылды. Нәтижесінде Сүлейманов өмір бойына бас бостандығынан айрылса, Оңалбаев 25 жылға сотталған болатын. Жазаларын олар қатаң режимдегі түзеу мекемесінде өтейді. Байқасымовтың жазасы жеңілдеу: ол жалпы режимдегі түрмеде 4 жыл отыратын болады.
Бұдан бөлек, Сүлейманов пен Оңалбаев асыраушыларынан айрылған әрбір отбасыға 10 миллион теңге өтемақы төлеуі тиіс.
Естеріңізге салайық, Алматы облысы Көксу ауданының тұрғындары Жарқынбек Долданұлы, Мұқият Зарлыханұлы және Әлімхан Қаділбек өткен жылдың қыркүйек айында із-түссіз жоғалып кеткен еді. Олар 40-тан астам ірі қараны сату үшін мал базарына кетіп, қайта оралмаған. Жедел іздеу шаралары барысында ауылдан шалғай жердегі тастанды қорадан ағайынды үш азаматтың мәйіттері табылды. Оларды азаптап өлтірген.