Жарияланды: 2400

Алматы облысында ежелгі түркі дәуірінде тасқа қашалған Ұмай ананың бейнесі табылды

Алматы облысында ежелгі түркі дәуірінде тасқа қашалған Ұмай ананың бейнесі табылды

Қазақстанда Ұмай ананың тасқа қашалған алтыншы бейнесі табылды. Бұл туралы бүгін Алматыда «Тарихи-мәдени мұра және заманауи мәдениет» деген тақырыпта өтіп жатқан халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинарда жарияланды.

«Бір ай бұрын біздің институттың ғалымдары Алматы облысы Жамбыл ауданында тасқа қашалған мүсінді тапты. Ол сарапшылардың пайымдауынша, Ұмай анамыздың бейнесі. Бұған дейін Ұмай анамыздың бейнесі көне түркілер мекендеген жерлерде 5 рет табылған екен. Бұл алтыншысы. Ол сенсациялық ғылыми жаңалық деуге болады», - дейді Көшпенділер мәдениеті мұрасы және Мәдениет саясаты институтының негізінде жаңадан құрылған Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының директоры, философия ғылымдарының докторы Ғазиз Телебаев. Бұл жаңалықты ашқан Көшпенділер мәдениеті институтының жетекші ғылыми қызметкері Алексей Рогожинский бастаған археологиялық- этнографиялық ғылыми экспедиция. Алексей Евгеньевичтің айтуынша, ол ежелгі түркі кезеңінде яғни, ең кемінде біздің дәуірімізге дейінгі 7-8 ғасырларда қашалған. Қоғалы шатқалынан табылған бейнеленген суретке қатысты ғалымдар арасында әртүрлі пікірлер бар. Түркітанушылар кейбірі бұл Ұмай ана десе, екіншілері ежелгі Түркі және Қытай жазбаларында Ұмай ананың бейнесіне қатысты дәл, нақты мәліметтердің жоғын алға тартуда. «Бұл Қазақстан аумағындағы Ұмай ананың тасқа қашалған алғашқы бейнесі емес. Бұған дейін Оңтүстік Қазақстанда табылған бейне Мемлекеттік орталық музейге қойылған болатын. 2009, 2012 жылдары Алматы облысындағы Жамбыл ауданындағы Қоғалы шатқалында аралығы бірнеше жүз метр болатын 2 жерден бірегей бейнелер табылып отыр», - дейді тарих ғылымдарының кандидаты А.Рогожинский.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін