Жарияланды: 510

Алматы облысында оқушылар партаның үстінде тамақтануға мәжбүр

Парта орнына ас ішетін үстел! Алматы облысындағы Үштерек ауылының оқушылары мектептің басты жиһазына зәру. Сондықтан тіпті арқасы жоқ орындықтарда отыратын балалардың белі ауыратын болған. Тозығы жеткен білім ошағындағы түйткіл бұнымен бітпейді. Қуықтай сыныптарға оқушылар сыймай, үш ауысыммен оқып жатыр. Ал жаңа мектеп салуға шенеуніктер асығар емес. 

Мектеп деген аты болғанымен, бұл ғимараттың ішінде небәрі 3 сынып бар. Биыл оқушы саны артқандықтан, барлығына парта жетпей қалған. Сондықтан ата-аналар өз қаржысына мектеп жиһазын алуға мәжбүр болды. Бірақ онысы көңілдерінен шықпай отыр.

Бақытнұр Сетерхан, Үштерек ауылының тұрғыны:

Бір апта біз де кешікті. Сосын біз ата-аналар жиналып, 1000 теңгеден шығарып, 32 оқушы 16 балаға парта алдық. Оны қойған кезде біз шошып кеттік, табуреткада отыр, шай ішетін үстелде. Балаға отыруға ыңғайсыз.

Арқасы жоқ орындықтарда сағаттап отыру ыңғайсыз болғандықтан балалар белінің ауыратынын айта бастаған. Бұрын балабақша болған мектеп 50-ші жылдары салынып, содан бері жөндеу көрмеген екен. Спортзалда сабақ өту қауіпті болғандықтан, оқушылар қыста қуықтай сыныпта, күз бен көктемде шаңы көтерілген аулада шынығады. 

Алмагүл Ахметқалиева, Үштерек ауылының тұрғыны:

Дене шынықтыру  өтетін жерді қарасаңызшы, сүрініп, жығылады. Үсті-бастары шаң-шаң, ақ киімді кигізгің келмейді балаларға.

270 балаға бірдей білім беру үшін мектеп үш ауысыммен жұмыс істейді. Ал сабақ ұзақтығы 45 минуттан жарты сағатқа дейін қысқартылыпты. Бұған көңілі толмайтындар көрші ауылға қатынап оқиды. Бірақ арнайы автобус қарастырылмағандықтан оқушылар адамға лық толы қоғамдық көлікке отыруға мәжбүр.

-Сыймадыңдар ма не?! Екінші рейс келеді.

Негізі, мемлекеттен қаржы қарастырылып, жаңа мектептің жобасы да сызылыпты. Бірақ оқушыларды айтпағанда, өзіміз де жалдамалы ғимаратта отырмыз деген шенеуніктер құрылысты бастауға аса құлықты емес.

Қанат Елеусізов, Әйтей ауылдық аймағы әкімінің орынбасары:

Былтырдан бері, алдыңғы жылдан бері атсалысып, сол мектепке 2,5 га жер бөлінді. Соған қаржы бөлініп жатыр. Оның барлығы республикалық бюджеттен салынады ғой. Қаржысы бөлініп, жоба жасалып, мектеп биыл күзде басталуы керек.

Шенділердің бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысына деп бөлген жері осы. Жоспар бойынша бұл алқапта 300 орындық мектеп те бой көтеруі тиіс. Сол кезде үштеректік оқушылардың мәселесі шешілер еді. Бірақ қазір былтыр қағылған қазықтардың орны да жоқ. Соған қарамастан жауаптылар оқу ордасы келесі жылы қолданысқа беріледі деп отыр. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін