Алматы облысы, Боралдай елді мекеніндегі 17 орта мектепте бір топ оқушы мен ұстаз арасында дау туды, деп хабарлайды Today.kz Бірінші арнаға сілтеме жасап.
Тәлімгерлерінің теріс қылығын оқушылар видеоға түсіріп алған.
"Мына балаға не дегенін айтпай-ақ қояйын, "әкең жоқ, шешең жоқ" деп айтады", — дейді оқушылардың бірі.
Етегі жасқа толған 8 Ә сынып оқушылары мұғалімін көрсе, шошитын күйге жеткен. Жүректері қысылып, құлап жатқандары да бар. Өйткені үш жылдан бері қазақ тілі пәні мұғалімдерінен қорлық көріп келгендерін айтады.
Оқушылардың сөзінше, мұғалім бұларды "сорлы, жетімсің" деп кемсітеді екен.
"Қанша рет қызымның аузын жауып келдім, мұғалім айтса, өзің қателік жасадың деп. "Сорлы, топас" деп айтуға сіздің қақыңыз жоқ", — дейді ата-аналардың бірі мұғалімге қарап.
"Менен құтылудың әрекеті. Білімін тексеріп ашуланып отырмын ғой. Сабаққа қатыспады, әрі-бері жүрді, телефонда отырды", — дейді қазақ тілі пәнінің мұғалімі Айнұр Күлембаева.
Мектеп басшысы Айнұрдың көп балалы ана, білім саласында 18 жыл өтілі бар екенін айтады.
Бір топ ата-ана ұстаздың үстінен ІІД-ге арыз жазған.