Алматы облысында Қытайдан контрабандалық жолмен келген тауар тәркіленді - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+15 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматы облысында Қытайдан контрабандалық жолмен келген тауар тәркіленді

Алматы облысында Қытайдан контрабандалық жолмен келген тауар тәркіленді

Алматы облысының кеденшілері Қытайдан контрабандалық жолмен жеткізілген ірі көлемдегі тауарды тәркіледі. 11 жүк көлігіне тиелген азық-түлік, киім-кешек пен косметика құжатта желімқағаз деп көрсетілген. Алайда олжаға оңай кенелеміз деген кәсіпкерлердің арам ойы шекарадан аспай жатып-ақ әшкереленді.

  • 3 Қараша 2012
  • 454
Фото - Caravan.kz

Қазақ-қытай шекарасынан қиналмай өтіп, Алматының қара базарын сапасыз тауарға толтырам деп желпінгендердің бұл жолғы әрекеті сәтсіз болды. Жоспарланбаған тексеріс бар былықтың бетін ашты. 330 тонна контрабанда 11 жүк көлігіне тиелген. Басқасын ойластырмаса да кәсіпкер құжатты қалыпқа келтіріп қойыпты. Желімқағаз деп көрсеткені азық-түлік, киім-кешек пен косметика екен.

Мынау базардан халыққа сатылатын жұмыртқа. Көріп тұрсыздар сұрын шіріген. Сусабынды қараңыз Франция дейді, бәрін Қытайдан алып келген.

Сондай-ақ, сыртындағы жазулары да шимай-шатпақ. Қазақша не орысша бір ауыз сөз жоқ. Балалар ойыншығы да қап-қап боп жиналған. Заңсыз тауарлардың ішінде техника да самсап тұр. Мысалы, мына баспаханаға қажетті су жаңа сканер кемінде 1 жарым млн теңге тұрады екен. Арамза кәсіпкердің мемлекетке келтірген шығын көлемі миллиондап саналады деп отыр кеденшілер.  

Совет Жүнісбеков, Алматы облысы бойынша Кедендік бақылау департаменті бастығының орынбасары:


Тек бір ғана автокөліктен шамасы 18 млн-ға жуық тауар түсірілді. Заңсыз тауар. Сол бойынша қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Қолға түскен контрабандалық тауарлар сараптамаға жөнелтілді. Онда өнімнің адам өміріне қауіптілік деңгейі анықталмақ. Сасыған жұмыртқаға қарап-ақ бұл тауарларға баға берсе болар еді. Алайда тексеріс кемінде 2 ай уақытты алады екен. Яғни осы мерзім аралығында қалта қамын күйттеген кәсіпкердің де есімі анықталып, жазасын алуы тиіс.  

Шекарадан заңсыз өткізілген тауарлардың басым бөлігі мына қоймаға жеткізілді. Қалғандары жүк көліктерінен түсіріліп те үлгермепті. Кеден қызметкерлері қытайдан сапасыз тауар тасып, пайдасын жасырып қалғысы келген кәсіпкердің Қазақстан азаматы екенін айтып қалды. Қазір бұл мәселеге қатысты қылымыстық іс қозғалып, оқиғаның ақ-қарасын анықтау қаржы полициясына жүктелді.

Соңғы жаңалықтар