Алматы облысындағы тауларда температуралық фонға байланысты ескерту жарияланды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
«Таяудағы үш тәулікте 29-31 шілдеде жоғары температуралық фонға байланысты Алматы облысының тауларында сел жүру қауіпі бар», — делінген хабарламада.
«Қазгидромет» РМК демалыс күндеріне арналған ауа райы болжамын жариялаған болатын.
29-31 шілдеде еліміздің оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында және оңтүстік-батысында ауа райы жауын-шашынсыз, күн ыстық болады.
Күндізгі уақытта термометр көрсеткіштері + 35…40°, кей жерлерде 43°С көтеріледі.
Еліміздің батысында атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты 31 шілдеде ыстықтың беті қайтады, бірақ демалыс күндері ауа райы кей өңірлерде + 37…41° болады.